24.12.2024, 11:40

«6 ағам шетінеп кеткен»: Танымал опера әншісі жан жарасын айтты

Фото: instagram.com/maria_mudryak

Анам қатты уайымдағанынан 15-17 келідей салмақ тастады.

Танымал опера әншісі Марья Мудряк отбасы мен жеке өмірінен сыр шертті, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Сахна жұлдызы тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында балалық шағында басынан өткен оқиғаларды баяндады.

«Менің ата-анам жарық дүние сыйлап қана қоймай, керемет жетістікке жеткізген адамдар. Менің алдымда алты ағам шетінеп кеткесін, ұзақ күттіріп келген баламын. Бала күнімнен-ақ менімен ақылдасып, пікірімді сұрайтын. Түрлі үйірмелерге барып, жастайымнан спортпен де айналыстым. Олар менің өсіп-өнуім үшін жеке өмірлерін, тіпті, мансаптарын ысырып қойды. Бәлкім мен ұзақ күткен балалары болған соң, солай шығар. Жетінші баласы болып мен туып, тірі қалғанда әке-шешемнің төбесі көкке жеткендец қуанған. Сондықтан, менің талантымды шыңдау үшін барын берді. Біз Миланға анам екеуміз аттандық. Әкем туған жеріміз Павлодарда қалып, жұмыс істеді. Бүкіл айлығын бізге жіберіп тұрды. Сол кезде анам екеуміздің қалтамызда 700 еуро ғана болатын. Тіпті, анам қатты уайымдағанынан 15-17 келідей салмақ тастады», – деді опера әншісі.

Сондай-ақ, опера әншісі шетелде тұрғанда қиналғанын жасырмады. 

«Анам екеуміз өте қатты қиналдық. Италияға барғанда тіл білмедік. Ақшамыз да аз болды. Мектепке қабылданғанда тек отырып қайтатын едім. Өйткені италиян тілін білмедім. Сабақтан келіп, үйге келіп жылаймын. Мен мына тілді үйрене алмайтын шығармын деп ойладым. Анам сол кезде қолдау білдіретін. «Маша, саған бүкіл ел үміт артып отыр. Сен елімізді танытатын жұлдызсың» дейтін. Сосын орнымнан тұрып, көз жасымды сүртетінмін. Арманыма қаншалықты қол жеткізсем, соншалықты қиын жолдардан өттім», – деді Марья Мудряк.