Роза ханым үйде қонақ болмаса, дастархан жайылмаса, береке болмай тұрғандай сезінетінін айтты.
Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасына қонақ күту мен қазақы дәстүрге құрмет жайлы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жақсылардың басын қосып ішкен бір шәугім шай бәрінен тәтті. Бүгінгі заманда адамдар жалқауланып бара жатқаны жасырын емес. Ал көңілді көтеретін, жүректі жұмсартатын – жылы жүздесу. Маған үйде бір ауық мал сойылып, ет асылып, бауырсақ пісірілмесе, қонақ келмесе береке болмай тұрғандай көрінеді. Дәмханадан іше салғаннан төр көрсеткен, төредей төрге шығарғанның жөні бөлек. Осы нағыз қазақы қалыбыммен қала беретін шығармын?!», – деп жазды әнші.
Роза ханым үйде қонақ болмаса, дастархан жайылмаса, береке болмай тұрғандай сезінетінін айтты. Ол рестораннан тамақ ішкеннен гөрі, үйде төр көрсетіп, нағыз қазақы мейман күту – ерекше ыстық екенін жеткізді.
«Кеше аяқ астынан қонақ шақырдық. Үш жылдан бері сапарға бірге шығып, қуанышымды бөліскен Әділ Өтемістің ата-анасын, нағашы әпкелерімді, құдаларымды үйге шақырдым. Ана дүниенің қандайлығын көрерміз, ал мына дүниеде дәм-тұз қарыз болып қалмайық...», – деді ол.
Әнші қазақтың сыйластық, қарапайымдық, дастархан дәстүрі жоғалмауы керектігін, жақын-жуықтың арасы суымай, бір үзім нанмен ұйыса білудің маңызын ерекше атап өтті.
«Адамның адамға жаттығы жоқ, жуыса алса. Жақының жат болатыны – жоламаудан. Сыйластықтың сәні – үзілмеген қатынаста. Алла тәкаппарлықтан сақтасын!» – деп түйіндеді ол жазбасын.