Бурак Өзчивитті қазақстандық жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды.
Ақтауда түркі халықтарының “Қорқыт ата” халықаралық кинофестивалі басталды. Іс-шараға түрік актері Бурак Өзчивит те қатысуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бес күн бойы Маңғыстау облысында кинематографиялық саммит өтіп, кино өнерінің шеберлерімен шығармашылық кездесулер мен тәжірибе алмасулар ұйымдастырылады. Фестиваль аясында түрлі жанрдағы 50-ге жуық конкурсқа қатысатын және қатыспайтын фильмдер тегін көрсетіледі.
Ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасының төрағасы Құрманбек Жұмағали, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия және Қазақстаннан келген 250-ден астам өнер қайраткері қатысты.
Кино – халықтарды жақындастырып, ортақ дүниетаным мен тарихи тамырларды байланыстыратын ұлы күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Мәдениет – халықтың рухани тірегі, ал өнер – ұлттың болмысын айқындайтын баға жетпес қазына" деп атап өткен. Бұл фестиваль – сол рухани тіректің айқын көрінісі, – деді Асхат Оралов.
Салтанат кезінде түрік актері Бурак Өзчивитті қазақстандық жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды. Кейін актер Instagram парақшасында жанкүйерлермен кездескен сәтінен фото және видео жариялады.