08.10.2025, 02:30

Бадықова мен күйеуінің дауы сотқа жетті: заңгер Айгүл Орынбек ресми арыз түсірді

Фото: instagram.com/aigulorynbek_kz

Дариға барынша сабыр мен түсіністік танытып келді.

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек соңғы күндері қоғам назарында жүрген Дариға Бадықова мен жұбайының дауына қатысты пікір білдіріп, актрисаны қорғауға кірісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Заңгердің айтуынша, Бадықованың күйеуі жеке хаттар мен жазбаларды жариялауға ниет білдірген. Бұл – азаматтың жеке өміріне қол сұғу және қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет.

«Дариға барынша сабыр мен түсіністік танытып келді. Бірақ жеке хат алмасулар мен аудиоларды жария етемін деп мәлімдеу – адамның ар-намысына тиетін, заңмен жазаланатын іс. Мұндай әрекет бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі», – деді Айгүл Орынбек.

Оның айтуынша, бүгін Дархан есімді азаматтың үстінен ресми арыз түсірілген.

«Бұл шешімге баруға мәжбүр болдық. Себебі заңсыздыққа үнсіз қарау – әділетсіздікке жол беру. Енді бәрі заң аясында шешіледі деп сенеміз», – деді ол.

Арынбек халықты жеке өмірге құрметпен қарауға шақырды:

«Дариға әлеуметтік желіде өз өмірін талқылауға міндетті емес. Жеке өмір – адамның ең қасиетті кеңістігі. Оған қол сұғу – адам құқығын бұзу!»

Сонымен қатар заңгер Бас прокурор Берік Асыловқа ашық үндеу жолдады:

«Қылмыстық кодекстің 147-бабы (“Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу”) біздің елде қашан нақты жұмыс істейді? Адам жеке өмірін қорғау үшін не істеуі керек? Ал заңды орындауға құлықсыз қызметкерлерге қандай шара қолдануға болады?»

Айгүл Орынбектің айтуынша, бұл іс жеке құқық пен ар-намысты қорғау саласында прецедент болуы мүмкін.

«Заң бәріне ортақ. Оны орындау – қоғам алдындағы азаматтық әрі адамдық міндет. Біз әділдіктің орнауына сенеміз!» – деп қорытындылады ол.