Дина Төлепбергеннің айтуынша, Дариға Бадықова мен оның бұрынғы күйеуі арасындағы дау қоғамдағы маңызды мәселелерді көрсеткен.
Журналист Дина Төлепберген Instagram парақшасында екі жыл бұрын Дариға Бадықовамен болған сұхбатын еске алып, ой бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Екі жыл бұрын Дариға Бадықовамен сұхбатта — “Сіздің өміріңіздегі ең маңызды ер адам кім?” — деп сұраппын. Ол: “Әкем мен ұстазым”, — деді. Күйеуі туралы айтпады. Оның жауабы мені ойландырмай қоймады, әрине. Бірақ: “Неге бұл тізімде жаныңыздағы жарыңыз жоқ?” — деп сұрауды жеке шекарадан аттау деп, тілімді тістедім», — дейді журналист.
Ол әйелдердің ішкі күйі туралы былай деп ой түйді.
«Қаншама әйелдің трагедиясын зерттеп, өзім үшін түсінгенім: әйел кейде тұрмысқа шығып та — жалғыздықтың күйін кешеді. Қасында адам бар секілді, бірақ жаны бос. Диалог бар, бірақ түсіністік жоқ. Күнде сөйлеседі, бірақ бір-бірін естімейді. Психологияда мұны эмоциялық ажырау дейді. Ол — махаббат өшкенде емес, түсіністік жоғалғанда басталады».
Дина Төлепбергеннің айтуынша, Дариға Бадықова мен оның бұрынғы күйеуі арасындағы дау қоғамдағы маңызды мәселелерді көрсеткен.
«Дариға Бадықова мен оның бұрынғы күйеуі арасындағы дау — қазақ қоғамында эмоциялық сауат, қарым-қатынас мәдениеті және ажырасудан кейінгі этика деген ұғымдардың әлі қалыптаспауын көрсетті. Біз жұптардың жанжалын көруге дайынбыз, бірақ олардың қайғысын түсінуге — жоқпыз».
Журналист өмірдің мәні мен кешірім туралы ойын былай қорытындылады.
«Меніңше өмір бізге бұл оқиғаларды сынау үшін емес, сабақ алуымыз үшін естіртеді. Кез келген ажырасу — тек заңды емес, эмоциялық соғыс. Онда жеңімпаз болмайды. Онда тек жараланғандар болады — ер де, әйел де, бала да. Бұл жағдайда жүрегінде кек сақтамай, кешіре білген жан ғана жеңімпаз болып шығады. Махатма Ганди айтқандай: Әлсіз адам кешіре алмайды. Кешірім — күштілердің қасиеті», деп жазды ол.