Тарихта алғаш рет Madison Square Garden сахнасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні шырқалды.
Димаш Құдайбергеннің әлемдік «Stranger» концерті турының жалғасы Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өтті. Әншінің АҚШ пен Мексикада өткен концерті туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары әлі жазып жатыр. Олар қазақстандық әртістің өнерінен алған ерекше әсері мен есте қалар сәттерді атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Каспий маңы елдері, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы оқиғалар жөнінде аналитикалық мақалалар мен жедел жаңалықтар жариялайтын әзербайжандық ақпараттық-талдамалық Caspian Post порталы әнші туралы материал жариялады.
Басылымның «Димаш Құдайберген Madison Square Garden-де өткен тарихи концертте Қазақстанның дауысын таныстырды» атты мақаласында әртістің өнер көрсетуінің мәдени маңызы ерекше атап өтілген.
- Тарихта алғаш рет Madison Square Garden сахнасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні шырқалды. Бұл – әйгілі әртіс Димаш Құдайбергеннің жеке концертімен шыққан айтулы сәт болды. Бұл кеш тек музыкалық айтулы оқиға емес, сондай-ақ, мәдени құбылысқа да айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған тыңдарман Шығыс пен Батыстың, дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан үйлесімін тамашалады. Димаш Құдайбергеннің тарихи кеші Қазақстанның әлемдік музыка сахнасындағы жаңа кезеңін бастап, өнердің шекарасыз, шынайы және біріктіруші күш екенін тағы бір дәлелдеді, - делінген басылым мәліметінде.
Сонымен қатар Димаштың Мексикадағы алғашқы жеке концерті тек әншінің жанкүйерлері арасында ғана емес, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да зор қызығушылығын тудырды. Алғашқы концерт қарсаңында «adn Noticias» телеарнасы Димашты арнайы сұхбатқа шақырды. Бағдарлама жүргізушісі Габриэль Эрнандес көрерменге өз әсерін бөлісті.
- Елестетіп көріңіздерші, қазақ әншісі әрі композитор Димаш Құдайберген дәл қазір Мехикода! Ұзақ жылдар бойына күткен әншіміз «Dears» атты фан-клубтың еңбегінің нәтижесінде өз жанкүйерлерімен табысты. Димаш өзінің әлемдік деңгейдегі танымалдығын дәлелдеп, Auditorio Nacional залын санаулы минуттарда, ал Palacio de los Deportes-ті одан да жылдам уақытта толтырды, - дейді ол.
Бірінші концерттен кейін Televisa Espectáculos телеарнасы репортаж жариялады.
- Димаш Құдайберген концерт залын адамзатқа үндеу жолдайтын ерекше даусымен таңғалдырды.Әлем мойындаған оның әуендері бір арнаға жиналған ондаған мың көрерменнің жүрегін тербетті.«Stranger» («Бейтаныс») деп аталатын турына қарамастан, Димаш мексикалықтар үшін бөтен емес. Көрермен оны ерекше ықыласпен, шынайы сүйіспеншілікпен қарсы алды. Екі сағаттан астам уақыт бойы сахна нағыз музыкалық ғибадатханаға айналды. Бұл жай ғана концерт емес, шынайы өнердің, сиқыр мен рухани толғаныстың алаңы болды. Димаш әсерге бөленіп, мексикалық көрермендерге испан тілінде алғысын білдірді. Көптеген костюм ауыстырулар, алып экрандар мен хореографиялық топтың қатысуы арқасында шоу көрерменді тілдік және мәдени шекаралардан асып өтетін мультисенсорлық сапарға жетеледі. Себебі турдың атауы «Stranger» болса да, оның музыкасы әлемді бірлікке шақырып, адамзатты адамгершілікке баулып, көрермен жанын терең тебірентеді, - дейді репортажда әнші туралы.
Мексиканың беделді El Economista Mexico газеті «Димаш Құдайберген Мексикада: музыка: Қазақстанмен мәдени және дипломатиялық көпір» атты мақаласында концерттің маңызды мәдени және геосаяси қырларына тоқталды.
- Әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған тыңдарманы бар Димаш өз елінің мәдени елшісі ретінде танылды. Ол Орталық Азия өнерінің байлығын алуан түрлі аудиторияға жеткізе алды. Оның ерекше стилі – опера, заманауи поп және дәстүрлі қазақ музыкасының үйлесімі – мексикалық тыңдарманға қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысын сезінуге мүмкіндік берді. Қазақстан елшілігімен кездесу барысында «Димаштың әр концерті – мәдени алмасу. Оның өнері арқылы мексикалықтар Қазақстанның тарихы мен рухына жақындай алады, - деп атап өтті. «Димаш феномені» мәдени ықпалдың, яғни жұмсақ күштің, саяси және экономикалық байланыстардан тыс екі ел арасындағы достықты нығайтудың жарқын мысалына айналды. Қазақстан үшін бұл Латын Америкасындағы гастроль тек мәдени таныстырылым емес, сонымен қатар, өзінің музыкалық алуандығы мен орындаушылық дәстүрлерімен танылған Мексикамен шығармашылық диалог орнатуға бағытталған маңызды қадам, - деп жазылған материалда.
Marie Claire México журналы «Жұлдыздар» айдарында мынадай сұрақ қояды да, сол сұраққа өзі былайша жауап береді: «Димаш Құдайберген кім? Мексиканы өз өнерімен баурап алған қазақ әншісі».
Мақала Димаштың Мексикадағы екінші концерті қарсаңында жарық көрді.
– Димаш Құдайберген – ғаламат вокалдық диапазон иесі, опера, поп және дәстүрлі қазақ музыкасы жанрларын шебер үйлестіре білген қазақ әншісі. Ол оннан астам тілде ән орындап, өз даусымен әр туындыға ерекше әсер мен эмоциялық тереңдік береді.8 қазан күні Димаш Auditorio Nacional сахнасында өнер көрсетті, ал бүгін, 10 қазанда, ол Palacio de los Deportes аренасында екі сағаттан астам уақытқа созылатын концерт өткізеді. XXI ғасырдың ерекше музыкалық құбылысы: заманауи музыканы өз жолы ретінде таңдаған Ақтөбеден шыққан 31 жастағы қазақ әншісі, композитор және мультиаспапшы, классикалық музыка бойынша терең білімі бар әртіс, - деп жазылған материалда.
Тағы бір мексикалық Es Ahora AM басылымындағы «Мексика оны жанымен қабылдады»: ғажайып дауысының арқасында шекараларды жойған Димаштың концерті» атты мақалада Димаштың мексикалық көрерменге берген ерекше сыйын атап көрсетеді.
– Димаш «Bésame Mucho» әнін орындағанда, бүкіл Мексика таңданысын жасыра алмады. Бұл жай ғана кезекті кавер емес еді — бұл нағыз құрмет, музыкалық трибьют болды. Алты октаваны қамтитын дауысы бұл әнді мүлде жаңа деңгейге көтерді. Вокал маманы Сеси Довердің бұл орындауға: «Бұл ән, сірә, дәл соған арнап жазылғандай» деген пікірі желіде тез тарап, вирусқа айналып кетті, - деп жазылған мақалада.