Енді бәрі өз орнын табады.
Танымал музыкант Ерлан Көкеев фонограмма қолдануға тыйым салу туралы бастамаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі бұл мәселеге әлеуметтік желіде арнайы тоқталып, фонограмманы көрерменді алдау мен көзбояушылықтың бір түрі деп атады. Оның айтуынша, концертке келген тыңдарман жасанды иллюзия үшін емес, шынайы өнер үшін ақша төлейді.
«Көрерменнің жанды дауысты естуге толық құқығы бар. Флешкадан қосылған дайын жазба – бұл өнер емес. Енді бәрі өз орнын табады: кімнің нағыз музыкант екені, ал кімнің тек образ жасап келгені анықталады. Мұндай шешім сахнаны тазартуға, шынайы таланттардың алға шығуына жол ашады», – деп жазды Ерлан Көкеев.
Сондай-ақ музыкант бұл қадам отандық эстраданың сапасын арттырып, орындаушыларды кәсіби тұрғыда өсуге ынталандыратынын атап өтті. Оның пікірінше, фонограммадан бас тарту көрермен мен әртіс арасындағы сенімді нығайтып, сахна мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне сеп болмақ.