"Бұл артқа шегіну емес, керісінше, алға жасалған саналы қадам".
Танымал әнші Төреғали Төреәлі айтыс өнеріне қайта оралуы ықтимал, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің продюсері Жан Мұқанов әлеуметтік желідегі жазбасында Төреғалидің айтысқа деген ерекше байланысын атап өтті. Оның айтуынша, айтыс – Төреғали үшін жай ғана өнер емес, тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен рухани негіз.
Продюсер «Хабар» арнасында өткен ауқымды «Жекпе-жек» жобасының финалында болғанын айтып, сол кеште Төреғалидің айтыстың рухын терең сездіретін, бүгінде әнұранға айналған туындыны орындағанын жеткізді.
«Бұл сыртқы форма емес, мазмұнның жеңісі болды. Ол өзінің рухани әрі шығармашылық ұстазы Жүрсін Ерманмен қайта табысты, ұзақ уақыт көріспеген өнердегі серіктерімен жүздесті. Сол сәтте артық сөздің қажеті болмады – оның көзіндегі от бәрін айтып тұрды. Адам өз болмысына айналған дүниемен қайта қауышқанда ғана дәл осылай жанары жанады», – деп жазды Жан Мұқанов.
Сондай-ақ ол айтыстың Төреғалиға сөзге жауапкершілікті, ойдың тәртібін және халық алдындағы аманатты сезінуді үйреткенін атап өтті.
«Бұл – өткен шақ емес. Бұл – жоғалтсаң, өзіңді де жоғалтатын іргетас. Сондықтан айтыс Төреғалидің өмірінде қайта өз орнын алуы керек. Бұл артқа шегіну емес, керісінше, алға жасалған саналы қадам», – деді продюсер.
Жан Мұқанов жазбасының соңында оқырмандарға «Төреғалидің өміріне айтысты қайта әкелетін уақыт келді ме?» деген сауал тастады.