Ол кезде 20 жаста едім, өзімді табуға, ерекшеленуге ұмтылатын кезең ғой.
Танымал әрі талантты актер Алмат Сақатов «КешRec» бағдарламасына берген сұхбатында көпшілік біле бермейтін жастық шағындағы ерекше қадамын еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, жастық кезінде ол өзгелерден ерекшелену үшін шашын боятып, құлағына сырға таққан.
«Құлағымды актер Ғани Құлжанов тескен. Ол кезде 20 жаста едім, өзімді табуға, ерекшеленуге ұмтылатын кезең ғой. Бірде Алматыға Виктор Цой концертпен келген. Сәбит Мұқановтың немересі, музыкант Кәрім Мұқановтың үйіне қонақ болып барғанын естіп, есігінің алдында күтіп тұрдық. Сол кезде Цойдың жанындағы барабаншысының құлағындағы сырғаны көріп, қатты әсерлендім», – деді актер.
Алмат Сақатов сол жылдары сырға тағу мен шаш үлгісін өзгертудің батыл қадам саналғанын атап өтті.
«Қазір біреуді таңқалдыру үшін сырға тағудың қажеті жоқ. Қазір жастар үшін ерекшелік – қарапайымдылық, тәртіп пен тәрбиеде. Ал біздің кезімізде бәрі керісінше болатын. Шашымды екі жағынан алып, химиялық бұйра жасаттым, құлағымды тестіруге шешім қабылдадым», – дейді ол.
Актер құлағын қалай тестіргенін де еске алды. Сол кезеңде студенттер ауыл шаруашылығына барып көмектесетінін айтып, сол жерде Ғани Құлжановтың курсына тап болғанын жеткізді.
«Ғаниға құлағымды тестіргім келетінін айттым. Ол заманауи, ашық мінезді жігіт еді. “Әкел, өзім тесіп берейін” деді. Қыздардан ине мен жіпті алып, сол жерде-ақ тесе салды. Бірақ жүзім теріп, шаң-тозаңның арасында жүрген соң құлағым қатты ісіп кетті. 5-6 күннен кейін күміс сырға тауып, тағып жүрдім», – деп еске алды Алмат Сақатов.
Айта кетейік, актердің бұл әңгімесі желі қолданушылары арасында қызығушылық тудырып, жастық шақтағы еркіндік пен сол кезеңнің рухы жайлы пікірталасқа ұласты.