$ 508.91  594.36  6.33

«Әкем көліктің артына байлап сүйреді»: Индира Расылхан қиын тағдырын баяндады (ВИДЕО)

Индира Расылхан алғашқы күйеуімен заңды некеге тұрмаған.

Жақында өзінің екінші әйел болғанын мойындап, өзгенің отбасын бұздым деп есептемейтінін мәлімдеген әнші Индира Расылхан журналист Жанар Байсемізге сұхбатында екінші әйелді айыптайтындарға жауап қатты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әнші бірінші күйеуінің отбасылы ер адам болғанын білгенін айтады, сондықтан ол сезімін білдіргенде бірден бас тартқан. Өнер иесі жүкті болып қалғандықтан, жолдасына амалсыздан күйеуге шыққанын жасырмады. Ол сондай-ақ оны өте қатты жақсы көргенін жеткізді.

“Бірінші күйеуімді өте қатты жақсы көрдім. Көп адам екінші болу оңай деп ойлайды, бірақ олар ішіңдегі күйіңді, өзіңді кінәлі сезінетініңді білмейді. Іштей “Мен не істеп жүрмін? Оның бала-шағасы бар, біреудің шаңырағын шайқалттым ғой” деп ойлайтынмын. Өзімнің жақсы нәрсе істемегенімді түсінетін едім. Аяғым ауыр болып қалғаннан кейін қосылдық. Әжем бұрыннан “кіммен қарайсаң, сонымен ағар” деп айтатын. Әкем қатал адам еді, жүкті екенімді білгенде мені ұрып тастады, “екеуіңді өлтіремін” деп талай нәрсе жасады. Бірінші күйеуімді қинап, тіпті көліктің артына байлап қойып сүйреген кездері де болды”, – деді ол.

Индира Расылхан алғашқы күйеуімен заңды некеге тұрмаған. Діни некеден кейін де ер адам бірінші отбасымен байланысын үзбей, сол үйге барып тұрған.

“Біз заңды түрде некеге тұрмадық, тек діни неке қидық. Ол кісі бірінші отбасына барып келіп тұратын, тастаған жоқ. Ол кісімен тұрған төрт жылым бақытты өтті деп айта аламын. Сүйген адамымның жанында болғаныма бақытты болдым”, – деді ол.

Әнші күйеуінің кетуіне байланысты екінші әйелді кінәлайтын жандарға үн қатты. Оның айтуынша, ол әйелдер ер адамның жаралы жүрегіне демеу болғысы келеді.

“Екінші әйел болудың да өз қиындығы, ауыртпалығы бар. Қазір мені күйеуім тастап, өзге әйелге кетті дейтін әйел көп. Менің оларға айтарым: екінші әйелді кінәлаудың қажеті жоқ, бәлкім ол да ер азаматыңыздың жүрегінің жыртық жерін жамағысы келген адам шығар. Мүмкін күйеуіңіздің өзі “маған көмектесші” деп келген шығар. Менің жағдайымда да осындай жағдай болды. Ол кісі “әйелімді жақсы көрген жоқпын, қосыла салдым” деген дүние айтты. Адамды жақсы көріп тұрғандықтан, оған көмектесуге тырысасың”, – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 9
Күлкілі 0
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары