Сондай-ақ, әнші туыстарының да оны орамал тағып, өнерден қол үзуі күйеуінің талабы деп ойлағанын жасырмады.
Әнші Айдана Меденова үш жылдық үзілістен кейін өнерге қайта оралды. Ол «Gakku» арнасына берген сұхбатында сахнадан кетуінің негізгі себептерін ашып айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Негізі сахнадан кетуімнің артында әртүрлі жағдайлар, сынақтар бар. Шығармашылыққа келер болсақ, сол кезде өте белсенді жұмыс істедік. Күйеуіміз екеуміз команда болдық. Қанша туындылар жазып, бейнебаяндар түсірдік. Өмірімізде де көп нәрселер болып жатты. Бірақ, ешқашан да оны өнерге араластырып, көрсетпейтінбіз. Әрқашан жарқырап, бізде ешқандай мәселе жоқтай жүретінбіз. Өнерден кетердің алдында менде көп жарнамалық интеграциялар болды. Көп компаниялармен жұмыс істедік. Бірақ, жанұямызда сынақтар болып жатты. Бір жыл алдын әкемді жоғалттым. Өте қиын жылдар болды. Дегенмен, жұмыста ештеңені көрсетпедік. Мен де шаршаған шығармын, сол кезде маған үзіліс керек болды. Бірден «өнерден кетемін» деген шешім қабылдағанда күйеуім де шок болды. Түрлі жағдайларда, қатты қиналғанда «мен болдым, өнерден кетемін» деп айтып жүрдім. Оның үстіне біз тым талапшылмыз. Оны мойындаймыз. Жұмыс істегенде «жарайды, осы болады» деген сөздер қолданбаймыз. Жасасақ, сол іске 100% берілеміз. Концерт, образ, бейнебаян секілді жоспарларды аяғына дейін орындаймыз. Қазір қарап тұрсам, соның барлығанан шаршаған сияқтымын», — дейді ол.
Сондай-ақ, әнші туыстарының да оны орамал тағып, өнерден қол үзуі күйеуінің талабы деп ойлағанын жасырмады.
«Біздің жанымызда жүрген әріптестеріміздің өзі менің күйеуім маған сахнаға шығуға тыйым салды деп ойлайды екен. Оны кейіннен біліп, қатты таң қалдым. Тіпті туысқандарымның ішінде де күйеуім өнеріме тыйым салып, орамал таққызды деп ойлайтындар бар екен. Негізі біздегі ішкі картина көрген адамдар ешқашан да олай ойламайды», — дейді Айдана Меденова.