"Сөйлесулер көмектеспеді. Бір-бірімізді ести алмадық".
Танымал әнші Сейфуллин Жолбарыстың жұбайы Екатерина Жолбарыс әлеуметтік желідегі жазбасымен көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол жеке өмірінде бастан өткерген ауыр кезеңі, отбасындағы дағдарыс және екі баласымен бөлек кету туралы қабылдаған шешімі жайлы ашық айтты. Екатеринаның сөзінше, 15 жылдық некеде уақыт өте өзара түсіністік жоғалып, арадағы әңгімелер де, келісуге жасалған талпыныстар да нәтиже бермеген.
«Сөйлесулер көмектеспеді. Бір-бірімізді ести алмадық. Сезім бар еді, бірақ айқындық болмады», – деп жазды ол.
Осыдан кейін Екатерина екі баласымен жаңа өмір бастауға шешім қабылдағанын жеткізді. Айтуынша, бұл қадам оңай болмағанымен, өзін де, балаларын да қорғаудың жалғыз жолы осы болған.
Сонымен қатар ол нумерология мен өзін-өзі тану жолына қалай келгенін баяндады. Өміріндегі барлық тірек күйреп, жауапсыз сұрақтар көбейген сәтте ішкі ізденіс басталғанын айтады. Сол арқылы өз әрекеттерін қайта қарап, таңдауларына жауапкершілік алуды үйренген.
«Қателіктерімді түсініп, оларды түзетуге мүмкіндік таптым», – дейді Екатерина.
Қазіргі таңда ол бұл кезеңді жеке трансформация мен рухани өсудің бастауы ретінде қабылдайды. Алдағы уақытта жинаған тәжірибесін өзгелерге қолдау көрсетуге бағыттауды көздеп отыр.
Желі қолданушылары Екатерина Жолбарыстың ашық мәлімдемесіне қолдау білдіріп, оның шынайылығы мен батылдығын ерекше атап өтуде.