"Әбілдина – маған берілген аманат"
Әнші Қарақат Әбілдина көпшілік біле бермейтін отбасылық тарихын жариялап, желі қолданушыларын толқытты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі өзінің неге Әбілдина фамилиясын алып жүргенін алғаш рет ашық айтты.
Оның сөзінше, бұл жай ғана тегінің ауысуы емес, тұтас бір әулеттің тағдырын сақтап қалған шешім екен.
1928-1932 жылдардағы ашаршылықта Әбілдә атасы бар баласынан айырылып, әжесімен бірге қара жамылып қалған. Сол ауыр кезеңде Қарақаттың атасы Аманжол тұңғышы Түлкібайды Әбілдә атасына аманат етіп берген.
Сөйтіп, жеті ағайындының біреуі Әбілдин болып жазылып, әулет жалғастығы сақталған.
Кейін, 1997 жылы туған-туыстары балалардың фамилиясын қайта Аманжолға ауыстыруды ұсынған. Алайда Қарақаттың әкесі:
«Бәрін Аманжолға ауыстырсам, ел “жетім шалды ұмытты” демей ме? Мен ауыстыра алмаймын», – деп кесіп айтқан.
Әнші бұл сөздің астарында үлкен тектілік пен аманатқа адалдық жатқанын жеткізді.
Қарақаттың айтуынша, әкесі тұрмысқа шыққанда да оның өз фамилиясында қалуын қалаған.
«Әбілдина – маған берілген аманат. Осы есімге кір шалдырмай, тек жақсы атын шығару бұйырсын», – деп жазды өнер иесі.
Желі қолданушылары әншінің бұл жазбасына тәнті болып, әкесінің ұстанымына құрмет білдіруде.