“Бұл — менің саналы түрде қабылдаған шешімім".
Танымал актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова тележүргізуші Дина Төлепбергенге берген сұхбатында жеке өміріндегі өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі соңғы уақытта көпшілік көзіне жиі түспеуінің себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, жұрт арасында бұл жағдайды шығармашылық тоқырау, депрессия немесе шаршаумен байланыстыратындар көп. Алайда актриса мұның барлығы қате пікір екенін жеткізді.
“Бұл — менің саналы түрде қабылдаған шешімім. Осы уақыт ішінде өмірімде үлкен өзгерістер болды. Көпшілік алдында көрінбей кеткен адам кейін басқа күйде оралады. Періште фильмінің түсірілімінен кейін ішімде “Мен дайынмын” деген нақты сезім пайда болды. Отбасы құрып, өмірімнің жаңа кезеңін бастауға дайын екенімді түсіндім. Бұрын да жанұяны тек психологиялық тұрғыда толық дайын болғанда құрамын деп ойлайтынмын. Сол арманым орындалды”, – деді актриса.
Сонымен қатар ол бір жыл бұрын тұрмысқа шыққанын және жақында ана атанғанын да айтты.
“Бір жыл бұрын тұрмыс құрдым. Жақында қызды болдым. Мен ана болуға дайын едім, сондықтан өмірім күрт өзгерді деп айта алмаймын. Дегенмен бала дүниеге келген соң жауапкершілік арта түседі. Себебі тәулік бойы саған тәуелді кішкентай адамның бар екенін сезінесің. Соған қарамастан барлығына үлгеруге тырысып жүрмін, тіпті үлгеріп те жүрген сияқтымын. Қазір өзімді өте бақытты сезінемін”, – деді ол.
Продюсер әңгіме барысында жолдасы туралы да қысқаша тоқталды.
“Жолдасым туралы көп айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын, себебі оны көпшілік тани бермейді. Екеуміз құрдаспыз, бес жылдан бері таныспыз. Ол ұзақ уақыт Мәскеу қаласында тұрған, отбасысы да сол жақта. Қазір бірге Алматыда тұрып жатырмыз”, – деді актриса.