Өнер иесі эфирді көпшілікке танымал «Сенен басқа» әнімен бастап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Белгілі әнші Нұржан Керменбаев “ҚызықTimes” бағдарламасына қонақ болып, шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі эфирді көпшілікке танымал «Сенен басқа» әнімен бастап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарлама барысында ол жақын уақытта жаңа туындыларын ұсынатынын айтты.
Әншінің сөзінше, қазір оннан астам ән дайындалып жатыр. Олардың арасында дуэттер де бар, алайда ол кіммен бірге орындайтынын әзірге құпия күйінде қалдырды. Сондай-ақ жаңа музыканттар мен композиторлармен жұмыс басталғанын жеткізді.
Нұржан Керменбаев өз шығармашылығына аса жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті. Бұған дейін өзіне ұнамай қалған әндері жиі болғанын айтқан ол, бұл жолғы жұмыстар көңілінен шығып жатқанын жеткізді.
"Арнайы оннан аса ән дайындалып жатыр. Оның ішінде дуэттер де бар. Кіммен екенін айтпай-ақ қояйын. Кішігірім құпия болсын. Жаңа музыканттармен, жаңа композиторлармен жұмыс істеп бастадық. Мен негізі әндеріме өте мұқият қараймын. Маған ұнамай қалатын әндерім де көп кездесетін. Бірақ осы жолы ұнап жатыр... Менде перфекционизм деген дүние бар екенін отыздан кейін біле бастадым. Өзіме үңіле бастап, өзімнің қандай екенімді тани бастағанда түсіндім. Әр нәрсе өз орнында тұратын болса, миым тынышталады екен. Ал креатив үшін, басқа да шығармашылық дүние үшін миың тыныш болуы керек екен.", - дейді ол.