"Олар біздің дәстүрімізге, мерекелерімізге, тілімізге әсер етіп жатыр".
Белгілі продюсер әрі қоғам қайраткері Баян Алагөзова құқық қорғау органдарына үндеу жасап, елдегі діни ағымдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Баян Мақсатқызы Instagram парақшасында діни радикализмнің күшеюіне алаңдаушылық танытып, бұл құбылыс Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.
«Бұл ағым өкілдері күні бойы әлеуметтік желілерде белсенді. Ертең бәріміз араб тілінде сөйлеп кетпейміз бе деген қорқыныш бар. Олар біздің дәстүрімізге, мерекелерімізге, тілімізге әсер етіп жатыр. Қазір олардың саны артып, әрекеттері де агрессивті болып барады», – деді ол.
Осыған байланысты Алагөзова биліктен нақты шаралар қабылдауды сұрап, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіреді деген діни топтарға заң аясында қатаң бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.