«Jan Production» киностудиясының елден алған ақшасы бірнеше миллиард теңге саналады.
«Jan Production» киностудия орталығына алданған ата-аналар әртістерді жазалауды талап етті. Халықтың кастингке қатысып, миллиондаған ақшаға алдануына себепкер болғандарың көбі саханада жүрген танымал тұлғалар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Jan Production» киностудиясының елден алған ақшасы бірнеше миллиард теңге саналады. Балалары киноға түсіп, жұлдыз атанады деген ата-аналар шындығында жер сипап қалған. Жәбірленушілер кезекті сот отырысында киностудияның жарнамасына қатысқан танымал актерлерді тұтқындауды талап етті. Жәбірленуші тараптың үндеуінде Жан Байжанбаев, Дәурен Айдарқұлов, Берік Айтжанов, Жанна Қуанышева және Қуандық Шәкіржанов сынды адамдардың аты айтылды.
Мұндай мәлімдеме Алматыда студия басшысы Ержан Едгебаевтың соты бойынша өткен шулы істен кейін шықты. Бүгін, 18 мамырда қалада кезекті сот отырысы өтті. Процестен кейін зардап шеккендердің өкілдері компания басшылығы үшін ғана емес, сонымен бірге жобамен байланысы бар танымал тұлғалар үшін де жауапкершілікті іздеуге ниетті екенін айтты.
Ал жәбірленушілердің адвокаты Раушан Омарованың айтуынша, олар барлық қатысушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді және қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы туралы мәселені қарауды талап етпек.
«Барлық қатысушы тұлғалардың іс — әрекеттеріне құқықтық баға беруді, сондай-ақ істің қатысушыларына, оның ішінде «Jan Production» қызметімен көпшілік алдында байланысты тұлғаларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені қарауды талап етеміз», - деп жазды ол.
Шағымданушылар шығын 6 миллиард теңгеден асып түскен дейді. Жәбірленушілер, студияны жарнамалап, жұртты алдаған актерлер де жауапсыз қалмасын дейді. Ата-аналар әлі де қаражатын қайтара алмай жүр. Продакшн басшыларының үстінне қылмыстық іс қозғалған. Компания істеріне сендіру үшін 1,5-2 миллион аралығында ақша алып, келісімшартта жасасқан. Бірақ уәде сөз жүзінде қалған. Жәбірленуші ретінде 130 адам арыз жазған.