"Аяушылық сезімін ояту үшін емес".
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуінің бейіт басынан видео жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол үлкен ұлы Сардармен бірге Құран оқуға барған.
"Аяушылық сезімін ояту үшін емес. Бұл видеоны жүктеуімнің өз себебі бар. Әкесінің басында Құран оқып отырған Сардар. Бұл мен үшін де, ол үшін де оңай емес сәт. Бірақ үйде ес кіре бастаған бала болса, кей нәрсені жасырмай, саналы түрде айтып отырған дұрыс деп ойлаймын. - Өмір бар жерде өлім бар. - Кей адамдар ажырасады. - Байлық та, қызмет те, атақ та мәңгі емес. - Өмір әрдайым әділ бола бермейді. - Ал кейбір ең ауыр сабақтарды өмірдің өзі үйретеді. Балаларды тек жеңіске емес, жеңіліске де, тек қуанышқа емес, қайғыны көтеруге де, тек алуға емес, қабылдауға да үйрету керек. Өйткені өмірдің өзі сондай. Біз балаларды барлық қиындықтан қорғай алмаймыз. Бірақ қиындық келгенде сынбайтындай етіп тәрбиелей аламыз. Меніңше, нағыз мықтылық - өмірдің ащы-тұщысын көрсе де, жүрегіндегі мейірімін жоғалтпау", - деп жазды ол.
Оқырмандар Ләйлә ханымға қолдау білдіріп, түрлі пікір қалдырды.