$ 488.59  564.37  6.79

«Махаббат ұлтқа қарамайды»: Мұхтар Жәкішевтің қызы тойдан кейін мәлімдеме жасады (ФОТО)

"Егер бұл әлем сіздерді жек көруге үйретсе – өкінішті". 

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан Алтынай Жәкішева әлеуметтік желідегі сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін қоғамда бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның некесі қызу талқыланған болатын. 2026 жылдың мамыр айында Лондонда өткен үйлену тойы қазақстандықтардың назарын аударып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Көпшілік тойдың сән-салтанатынан бөлек, қалыңдықтың жұбайының ұлтына қатысты да түрлі пікір білдірді.

Осы талқылаулардан кейін Алтынай Жәкішева Instagram парақшасындағы сторис арқылы өз ойын ортаға салды. Ол махаббаттың мәні, адамды қандай болса солай қабылдау және рухани құндылықтар туралы жазба жариялаған.

«Егер бұл әлем сіздерді жек көруге үйретсе – өкінішті. Егер ашуға бой алдырып, қатігез болуға мәжбүр етсе немесе қорқынышпен өмір сүруге итермелесе – өкінішті. Егер өздеріңіздің кім екендеріңізді ұмытып қалсаңыздар – бұл да өкінішті жағдай», – деп жазды ол.

Алтынайдың айтуынша, шынайы махаббат ешқандай шекараға, талапқа немесе шартқа бағынбайды.

«Махаббат – таза, көркем әрі мәңгілік құндылық. Ол уақыт пен кеңістіктен, өмір мен өлімнен де жоғары тұрады. Махаббат ешқандай шарт қоймайды, шектеуді білмейді. Ол адамдарды ұлтына немесе нәсіліне қарап бөлмейді әрі ешкімді айыптамайды», – деді ол.

Сондай-ақ Жәкішева махаббатты адамның ең шынайы болмысы деп атап, әр адамға осындай сезімді бастан кешіруді тіледі.

«Бір күні сіздер де осы сезімді сезінесіздер деп шын жүректен тілеймін. Сол кезде қалған дүниенің бәрі өз маңызын жоғалтатынын түсінесіздер», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында Алтынай Жәкішева адамдардың ішкі тыныштық тауып, бір-біріне мейірім мен түсіністікпен қарауына үміт білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 3
Күлкілі 1
Ашулы 0