Қазір былдырлап сөйлеп, шиқылдап күліп, еңбектеп жүр.
Танымал әнші Ерке Есмахан кіші ұлы Батырдың бір жасқа толуына орай көпшілікпен ерекше естелігін бөлісті. Өнер иесі жүктілік кезінде егіз бала күткенін, алайда кейін дәрігерлердің күтпеген жаңалық айтқанын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, Ислам дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай тағы да аяғы ауыр екенін білген. Дәрігерлерге қаралып, алғашқы тексеруден өткен кезде оған егіз бала көтеріп жүргенін айтқан.
Алайда алғашқы скрининг кезінде мамандар егіздердің бірінің жүрек соғысы тоқтағанын, ал екіншісінің қалыпты дамып жатқанын хабарлаған. Кейінгі тексерулерде де Батырдың денсаулығы жақсы екені анықталып, жүктілік қалыпты жалғасқан.
Ерке Есмахан тоғыз айдан кейін ұлы Батырдың аман-есен дүниеге келгенін айтып, бүгінде оның ширақ өсіп келе жатқанына шүкіршілік етті.
«Батыр бүгін бір жасқа толды. Қазір былдырлап сөйлеп, шиқылдап күліп, еңбектеп жүр. Бізді күн сайын қуанышқа бөлеп келеді. Дені сау, Аллаға сансыз шүкір», – деп жазды әнші.