Қарақат Әбілдина ұзын бұрымның өзі үшін тек сыртқы сұлулық емес екенін атап өтті.
Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында ұзын шашының өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, оқырмандарына үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі ауыл мен қаладан алған тәрбиесінің өмірлік ұстанымына айналғанын жеткізді.
“Ауылдың да, қаланың да тәрбиесін қатар көрдім — екеуінен де өзіме керегін алдым. Ауылдан — қарапайымдылық пен кеңдікті, қаладан — талғам, талпыныс, таңдауды үйрендім”, – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдина ұзын бұрымның өзі үшін тек сыртқы сұлулық емес екенін атап өтті.
“Ұзын бұрым мен үшін тек сыртқы сұлулық емес, ол кешегі аналарымыздан үзілмей жеткен нағыз қазақ қызының бейнесін айшықтайтын, нәзіктігі мен тектілігін айқындайтын үнсіз сабақтастық”, – деді ол.
Сондай-ақ әнші шығармашылық жолының басында сырт келбетін өзгерту туралы ұсыныстар болғанын жасырмады.
“Эстрада сахнасына шыққан алғашқы жылдары ғой, стилист мамандар сырт келбетім мен образымды өзгертуге көп ұсыныс жасады. Бірақ мен өзімді басқа бейнеде көре алмадым. Өйткені мен үшін сахна — эксперимент алаңы емес, жан дүнием мен ішкі болмысымның көрінісі”, – деп жазды өнер иесі.
Әншінің айтуынша, эстрада мен ұлттық өнердің табиғаты әртүрлі болғанымен, олардың түп-тамыры бір.
“Эстрада мен ұлттық өнер екі түрлі жанр болғанымен, үннің де, әннің де бір жүректен шығады. Ал қос бұрымым — сол екі әлемді жалғап тұрған, Қарақаттың табиғи болмысы”, – деді Қарақат Әбілдина.
Жазба соңында әнші ұзын бұрымды қыз-келіншектерді белгілеуге шақырып, ең ұзын бұрым иелеріне Астанада өтетін концертіне билет сыйлайтынын мәлімдеді.