Ол мұндай өмір салты адамдарға қосымша серпін беріп, өзін бақытты сезінуге көмектесетінін атап өтті.
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ қоғамындағы қуанышқа толы өмір салты мен той мәдениеті туралы ой қозғады. Ол мұның адамдарға мотивация беріп, бақыт сезімін арттыратынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бақыт гормоны дофамин деп аталады. Ол ағзада ұзақ уақыт бөлініп тұрмайды, орнын басқа гормондар басады. Өмір бойы адам үнемі бақытта бас айналып жүрмейді. Арасында ұрыс-керіс, реніш, өкпе, стресс болады. Ал бізде, “бізде” деп отырғаным – біздің ұлтта, ол басқа ұлттарға қарағанда ұзақтау әсер ететін сияқты. Себебі біздегідей мотивацияны, біздегідей өмірді сүюді, жоспарлауды мен басқа елдерден көрген жоқпын. Көп ел, көп жер араладым, тіпті Оксфордта да тұрып келдім», – деп жазды ол.
Тележүргізушінің айтуынша, қазақтар қуанышты күндерді алдын ала жоспарлап, соған дайындалу арқылы өмірге деген құлшынысын арттырады.
«Мысалы, қайда барсам да, біздегідей бауырмалдықты, бауырының тойына дайындалуды, анасының 80 жылдығын күтуді немесе әрбір күні көршінің сүндет тойына баруды жоспарлап жүрген адамдарды көрмедім. Көбінде өз өмірі, өз мүддесі бірінші орында. Сол себепті бізде алдағы қуанышты сәттерге дайындалу, жоспар құру, тойға әдемі көйлек іздеу деген нәрсе бар. Айтса айта берсін, бірақ бес жылдан кейін болатын баламыздың тойы, әжеміздің мерейтойы, көршімізге апаратын ерулігіміз бізді жаңа көйлек алуға, маникюр жасатуға, әдемі болуға ынталандырады», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Ол мұндай өмір салты адамдарға қосымша серпін беріп, өзін бақытты сезінуге көмектесетінін атап өтті.
«Ол былай тұрсын, өзгемен жарысудың, мақтанудың өзі бізге мотивация береді. Ал мотивацияның артында дофамин тұр. Ал дофамин, жоғарыда жазғанымдай, бақыт гормоны ғой. Ағайын-туыстың тойынсыз, мақтану үшін дүние жинамай қалай өмір сүреміз? Енді мұның жауабы бар сияқты: біз өзгелерге қарағанда бақыттырақпыз. Ал ысырап жағы – ол енді басқа әңгіме», – деп түйіндеді ол.