Меруерт Түсіпбаева арада шамамен 40 жыл өткен соң осы қорқынышын жеңуге бел буғанын айтты.
Қазақстандық әнші Меруерт Түсіпбаева бала кезінде суға кетіп, ажалдан аман қалғанын еске алды. Өнер иесі бұл оқиғадан кейін ұзақ жылдар бойы суға түсуден қорқып келгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің сөзінше, ол 13 жасында көлге батып, тұншығып жатқан сәтте өмірімен қош айтысатындай күй кешкен.
«13 жасымда көлге батып, судың астындағы шөптердің арасында жатып, сасық суды әбден жұтып, тұншығып жатқанда: "О, Құдай! Мені неге сонша ерте әкетіп барасың? Сонда менің әнші боламын деген арманым қайда?" деген ой келді», – деп жазды ол.
Меруерт Түсіпбаева арада шамамен 40 жыл өткен соң осы қорқынышын жеңуге бел буғанын айтты. Қазір ол жүзуді үйреніп жүр және фобиясынан арылу үшін бассейнге төртінші рет барғанын жеткізді.
Сонымен қатар әнші әлеуметтік желідегі оқырмандарына өздерінің қандай қорқыныштары бар екенін және оны жеңе алған-алмағанын сұрады.