«Туу үшін көп ми қажет емес».
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі, актриса Айгүл Иманбаева жас қыздарға ақыл айтамын деп сынның астында қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші Айгүл Иманбаева әлеуметтік желісінде жас қыздарға мамандық мен жар таңдаудан қателеспеу қажет екенін айтты.
«Бізде қазақ қоғамында қыз балалар 17-20 жаста тұрмысқа шығып кетіп жатады. Кейін 2 баламен, 5 баламен, 8 бала білмеймін Құдай -ау ажырасып жатады. Бізде көп жағдайда айтылады, мамандық пен жар таңдаудан қателеспе деп айтады. Онымен кей жерінде келісемін. Жас қыздар сүюдің не екенін, көп нәрсені дұрыс білмейді. Амбициясы мықты қыз бала тұрмысқа шығып, опық жеп жатады. Көп жағдайда солай. Ешкімді үгіттеп жатқан жоқпын. Бұл менің өз ойым» - деді, актриса.
Сонымен қатар, әнші жасы келген қыздар үшін алаңдамауға, оларды тұрмысқа шығуға үгіттемеу жайлы айтты.
«Қыз балалар отырып қалатын болды. Жасы 25- ке келді, 30-ға келді деген біздің қазақта паника бар. Дұрыс ұрпақ өрбіту, жалғау денсаулық жас кезде ұрпақ әкелу жақсы нәрсе. Бірақ, бәрібір бұйырған кетпейді деген бар. Мен айтар едім, жалпы тұрмысқа шығатын кезде қателеспеу дұрыс. Оң мен солды танып, жерден бір шықсаң, жағалауға екі қарайтындай деңгейге жету керек. Жарын сол кезде дұрыс танып, тұрмысқа шығады деп ойлаймын» - деді, өнер иесі.
Актриса әр қызда таңдау бар екенін айтып, білім алуға, дамуға шақырды. Өрімдей қыздардың бала босанса да, тәрбиесіне жете мән бермейтінін алға тартты. Оның салдары ажырасуға әкелетінін атап өтті.
«Ажырасудың себебі, 17 жасар қыз бала туа алады. Бірақ, туу үшін көп ми қажет емес. 17-18 жасар қыз баланы қалай тәрбиелейді?» - деді, әнші.
Оқырмандары актрисаның бұл пікірін Алтынай Жорабаеваның ұзатылып жатқан екінші қызын меңзеп жатқанын жазды. Оған Айгүл Иманбаева әзіл араластырып, Алтынай Жорабаеваның қыздары баласының қарындастары екенін айтып ақталды.
«Алтынайдың қыздары менің баламның қарындастары. Біз жоққа шығара алмаймыз. Біздің туыстық байланысымыз бар. Мен тек бақыт тілеймін. Мен біреудің баласына жамандық тілемеймін» - деді, актриса.
Желі қолданушыларының арасынан актрисаны қолдап, оқиғаларымен бөлісіп жатқандар да табылды.