$ 458.87  535.09  5.42

«Қатты балалы болғым келді»: Танымал актриса екінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты

"Өзімнің онымен бақытсыз екенімді түсіндім"

Фото: Caravan.kz
Фото: Caravan.kz

Танымал актриса әрі блогер Сая Оразғалиева «Мамский әңгіме» подкастында жеке өмірі жайлы сыр шертіп, екінші күйеуі Ильяспен неліктен ажырасқанын айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Актрисаның айтуынша, ерлі-зайыптылар 2025 жылы ажырасқан. Бұл оның екінші некесі болған. Сая Оразғалиева қоғамның, туған-туыстың пікірі де шешім қабылдауына әсер еткенін жасырмады.

«Ел не айтатыны маңызды емес десем де, социумның қысымы бар, ағайын-туыстың сөзі бар. Балаларды әкесіз қалдырғым келмегендіктен, ертерек ажырасуға шешім қабылдай алмадым. Балалардың толық отбасында өскенін қаладым», – деді ол.

Актриса ажырасу туралы ойдың өзінде әлдеқашан болғанын атап өтті. Оның сөзінше, отбасын құрғаннан кейін-ақ екеуінің мінезі мен өмірге деген көзқарасы мүлдем бөлек екенін түсінген.

«Басынан бастап бәрі дұрыс болған жоқ. Отбасын құрып бастағанымызда екеуміздің мүлдем екі түрлі екенімізді түсіндім. Бірақ мен қатты балалы болғым келді. Өкінбеймін. Керемет балаларым бар. Осылай болуы керек болған шығар», – деді Сая.

Оның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ортақ жоспарлары мен мақсаттары да болмаған. Сая Оразғалиева саяхаттау, болашақты жоспарлау және басқа да маңызды мәселелерде пікірлері үйлеспегенін айтты.

«Оның менімен бақытсыз екенін, өзімнің онымен бақытсыз екенімді түсіндім», – деді актриса.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 2