Әншінің айтуынша, адам өмірінің әр кезеңінде махаббат та әртүрлі сипат алады.
Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық қарым-қатынас пен махаббат туралы жазба жариялады. Өнер иесі күйеуімен арадағы сезімге қатысты ойын бөлісіп, саналы махаббаттың ерекшелігін түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, адам өмірінің әр кезеңінде махаббат та әртүрлі сипат алады. Балалық шақтағы сезім мен жастық кездегі құштарлықтан кейін есейген шақта бір-бірін терең түсініп, бағалайтын саналы махаббат қалыптасады.
Айгүл Иманбаева мұндай сезімнің басты ерекшелігі – арақашықтыққа қарамастан бір-бірін сөзсіз түсіну, құрметтеу және қолдау екенін атап өтті.
Өнер иесі рухани жақындықты екі ересек адамның қарым-қатынасындағы ең биік құндылықтардың бірі деп санайды. Сондай-ақ ол кейбір ер адамдардың өзге өмірді іздегенінен гөрі, ерлі-зайыптылардың рухани тұрғыдан бір деңгейде болғаны әлдеқайда маңызды екенін жеткізді.
«Саналы махаббат – қасында болғанда да, мыңдаған шақырым қашықтықта жүрсең де, бір-біріңді үнсіз көзбен түсініп, шексіз қадірлейтін, қолдау көрсете білетін ерекше күй», – деп жазды әнші.