21 қарашада Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында байқауға қатысушылардың ұлттық киімдер шеруі өтті.
«Ғалам аруы – 2026» (Miss Universe) халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан Алина Ри ұлттық киімімен көрермендердің назарын аударды. Қазақстандық ару сахнаға қанатын кеңге жайған алтын бүркіт бейнесіндегі, құны 5 миллион теңгеден асатын ерекше костюммен шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
21 қарашада Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында байқауға қатысушылардың ұлттық киімдер шеруі өтті. Осы кезеңде Қазақстан намысын қорғап жүрген шымкенттік Алина Ри «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты образын көпшілікке таныстырды.
Костюмнің басты ерекшелігі – ені 4,5 метр болатын алтын түстес бүркіт қанаттары. Арнайы механизм арқылы сахнада қанаттарын жайған киім қалықтап ұшқан қыранның бейнесін қалыптастырады.
Ерекше ұлттық образды қазақстандық SV Muse бренді әзірлеген. Киімді дайындауға алты айдан астам уақыт жұмсалған. Шеберлер 10 мыңнан астам сәндік тасты қолмен қадап, кестелерін де өздері тіккен. Сонымен қатар костюмге бүркіт қауырсындары мен ұзындығы бес метрлік етек қосылған.
Жалпы салмағы 30 келіге жуықтайтын киімнің құны 5 миллион теңгеден асады.
Айта кетейік, ұлттық образдың идеясын Алина Ридің өзі ұсынған. Ол Қазақстанның мемлекеттік туындағы негізгі нышандарды сәндік киім арқылы әлемге танытуды көздеген. Көгілдір мата, алтын күн, қыран құс пен қазақы ою-өрнектер біртұтас композицияға біріктірілген.
«Көгілдір түс, алтын күн мен қалықтаған қыран – біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміздің және рухымыздың беріктігінің белгісі», – деп жазды Алина әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстандық ару халықаралық байқау сахнасында елдің ұлттық құндылықтары мен мәдениетін таныстыру мүмкіндігін мақтан тұтатынын жеткізді.