Танымал продюсер Серік Абас-Шах режиссер Ақан Сатаевтың "Күлпәш" фильмі туралы ой қозғады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Режиссер өз ойын желідегі парақшасында білдірді.
«Бейімбет Майлиннің әңгімесі желісімен түсірілген (режиссер Ахан Сатаевтың) “Күлпәш” фильмін тамашаладық. Сағат 10.30 шамасында басталған киноға махаббатым екеуміз бірінші болып келдік. Шағын ғана залдың он-он бес пайызы ғана толды (көрерменге).
Менің сол жағыма жайғасқан (арамызды 3-4 бос орын бөліп тұрды) қос смартфонды іскер келіншек киноның жартына дейін телефонымен біреулермен біресе “смстесіп”, біресе сыбырласып сөйлесіп отырды. Фильмнің ортасы ауа телефон жайына қалды (белгісіз қарындасым сезіміне ерік беріп, парлап аққан көз жасын кино соңына дейін тоқтата алмады)
Фильмнің көркемдік сапасына қатысы әңгімені кейін айта жатармыз. Қазір бәріміз кинотеатрға барып, мына туындыны көруіміз керек, ағайын! Халқының жартысына жуығы аштықтан қырылған елге ой салатын фильм бұл. Адамды тәубесіне келтіретін фильм бұл.
Бос дарақылық пен үлкен ысыраптың сырқатына шалдыққан “супер тойшыл” қауым (қазақ десем ренжисіз) осы кинодан кейін аздап болса да ес жия ма деген үмітім де бар.
Бірақ, 300-400-500-600 адамдық той жасап, дастарханды жеп-ішу үшін емес, жұртқа мақтану үшін жаятын ағайын бұл ойымды түсіне ме, жоқ па, білмеймін…», — деп жазды ол.
Айта кетейік, режиссер Ақан Сатаев Бейбімбет Майлиннің «Күлпаш» повесі желісінде кино түсірген болатын. Бүгінде көпшілік фильмге барғандардың қарасы аз екенін мәлімдеп жатыр. Режиссердің өзі болса көрермен санының аз болуына қарамастан, көпшілікке алғыс айтып, желіде жазба қалдырған болатын.