$ 494.87  520.65  4.91

ЖАЗУШЫДАН ҚАДІР ҚАШЫП ТҰР... НЕГЕ?

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары біздің қазақтың бозбалалары мен бойжеткендерінің көпшілігі министр, хатшы (бүгінгі әкім), жалпы шенеунік болғаннан гөрі ақын, жазушы болуды көбірек армандайтын. Он жыл министр болғанды ешкім танымауы мүмкін еді, он жол өлеңі мерзімді баспасөзге шыққан адамды кемі он адам сырттай болса да біліп жататын. Ол кездің министрлері бұқара халық тарапынан ақынға көрсетілер құрметтің оннан бірін де көрген жоқ. Ал, Алматыңызда көшеде Тұмағаңды, Қадағаңды, Олжасты көріп қалу дегеніңіз кішігірім мереке іспеттес еді. Белгілі бір қаламгерді көшеде жалқы сәтке көріп қалсаңыз болды, соның өзі ауылға келіп мақтануға молынан жетіп жататын. Тура сол Тұлғамен күнде араласып жүргендей кейіпте әңгіме айтушылар аз болмаушы еді. Және ол ерсі көрінбейтін. Ол кезде ақындардың көшеде мас болып кетіп бара жатуының өзі сүйкімді көрінуші ме еді, ешкім оларды жыға айыпқа бұйырмайтын, сөкпейтін. Ауылдан Алматыға қыдырып келген ағайын да елге барған соң «не көрдің, не білдің?» дегендерге әңгімесін  «ресторанда атақты Пәленшеевтің өзін көрдім, есіл ер удай мас екен, сыйлап жібердім» деп бастайтын. Бәлкім атақты Пәленшеевті шынымен-ақ көрді, бәлкім айтып отырғанының бәрі өтірік, мәселе онда емес. Мәселе – ақынды, жазушыны көру дегеніңіздің өзі үлкен абырой болатын. Ал, көріп тұрып сыйламай жіберу дегеніңіз көргенсіздіктің ең үлкеніне саналатын. Өз кезегінде... Кейбір мінезі жеңілтек ақындар ішіп алса көпшілік орындарда «мені танисыңдар ма, танымасаңдар неге танымайсыңдар?» деп сондағы қазақтардың миын қағып алатын. Қалған қанды өлең оқып ішетін. Халық соның өзіне кешіріммен қарайтын. Бәрі де сол қоғамның ақын-жазушыға деген құрметінің көрінісі еді ғой.

Бүгінде мұның бәрі ертегі болып қалды. Сен ақынсың ба, жазушысың ба, мына қазаққа бәрібір! Маған десе неге Нобельдік сыйлықтың лауреаты болмайды?! Шымкентте Еркінбек Тұрысов деген қарт жазушы бар. Мұхтар Әуезовпен бірге іссапарға қалай шыққандарын, жолда қалай адасып кеткендерін, ұлы Мұхаңның шаңырағына қалай келгенін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жыл аралатып қайта-қайта шығартып отырады. Алайда, бұдан кейінгі уақытта ол естеліктерін нөмір сайын жариялатып отырса да «мына кісі заманында ұлы Мұхаңның өзімен бірге жүрген екен ғой» деп таң қалатын адамды табу, әй, қиын болатын шығар...

Бүгінгі қазақ Мұхтар Шахановты «Танагөз», «Сенім патшалығы» поэмаларын, «Нарынқұм новелласы» секілді балладаларды дүниеге әкелген ақын ретінде танығаннан гөрі саясаткер ретінде көбірек танитындай әсер қалдырады.

Бүгінгі қазақ көшеде Мұхтар Мағауинді көрсе селт етпеуі мүмкін, Нұртілеу Иманғалиұлын көрсе кәдімгідей әсерленеді.

Мұның бәрінің себебі неде? Айналдырған аз ғана жылдың ішінде ақын-жазушы деген қауымыңыздан неге осынша қадір қашты?

Қалам ұстаған қауымның өзі мұның себебін ғаламтор мен телевидение салтанат құрып тұрған қазіргі заманда әдеби шығармалардың оқылмауымен түсіндіреді. Иә, келісуге әбден болады. Расында да, шығарма оқылмаған жерде оның авторы құрметтелуші ме еді?!

Алайда...

Алайда, біз көбінде бір мәселені ескермейміз. Біз ақын-жазушылардың аузынан дуа қашқан заманда өмір сүріп отырмыз.Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтеміз, олар кешегі қайраткерлік рухтан жұрдай болды. Естеріңізде болса кешегі сексен алтыда жастар ғана емес, ересектердің өздері де «Олжас не айтар екен?» деп Жазушылар Одағына қайта-қайта қарағыштап еді-ау. Оны сол кездің өкіметі де сезген... Айтқан жерден аулақ, дәл бүгін-ертең елімізде бір оқиға орын ала қалатындай болса мына бұқара Нұрлан Оразалиннің аузынан аталы сөз күтеді деп ойлайсыз ба? Шетелден Гүленді ме, біреуді сүйреп келіп, бір нәрсе айтқызбаса өз басы ұлтқа ұран тастайды дегенге мен сенбеймін. Ұран тастаған күннің өзінде оның соңынан бала-шағасы ермесе, өзге қазақ ере ме? Анық жауабын өздеріңіздің де іштеріңіз сезіп отырған болар.

Ал, олардың аузынан дуа неге қашты, қайраткерліктен неге жұрдай болды десеңіз... Бұл кеселдің диагнозын жалғыз ауыз сөзбен қою қиын. Бір анығы бүгінгі қазақ қаламгерлері бірін-бірі өлсе мойындамайтын, «мен ғана ұлымын!» деп аталатын орасан амбицияның заманында өмір сүріп жатыр. Мойындап, өзара құрмет көрсетіскеніңіз не, бірін-бірі жамандап жазудан қолдары тиер емес. Бірін бірі ұлт жұмысы үшін сынап жатса түсіністік танытасың ғой. Масқара болғанда, тірілерді былай қойғанда өлілерді де кешіре алмай жүрген «қаламгерлерді» көзіміз көріп отыр. Марқұм әріптесін жиын-тойларда жамандап, бықсытып отыратыны өз алдына, сыңар мақала жазса да соның атын атап, бір мұқатып қалады. Сонда бұл шіркінің өзін өлмейтіндей көретін болғаны ғой. Не деген қасиетсіздік! Не деген өшпенділік! «Бетіне былш еткізіп айтып салып едім» дегенді айтса бүгін айтып, жазса бүгін жазып жүр ғой, ана марқұмның тірі кезінде ық жағынан да, жел жағынан да келе алмайтын. Осындай «мінезден» кейін қандай қайраткерлік,  қаңғып жүрген ауыздағы қандай дуа?

«Неге сонша дәріптей беретіндерін түсінбеймін, Қожа Ахмет Ясауидің өлеңдері менің өлеңдерімнен мықты емес қой» деп дал болатын ақыныңыз Алаш қайраткерлерінің мерейтойына шақырылғанға рахмет айтудың орнына «мені бала-шаға күтіп алды» деп қомсынады. Кімге артып қойған міндетің бар, келсең ұлт үшін опат болған арыстардың әруағын сыйлап кел! Келмесең жөніңе жүр! Саған кім мұқтаж болыпты? Өкінішке қарай, мұны айтатын адам жоқ.

«Бүгінгі Алаш қайраткері осы!» деп қолдан будда жасалынып жүрген тоқты қошқарыңыз Алаш қайраткерлеріне арналып жайылған дастарқанда первыйға нан турап жеп тойып алғаннан кейін «сауналарың бар ма?» дегенді ишаралайды.

Уағында бір мекемені басқарған жазушыңыз ұжымдағы өзі ұнатпайтын адамдарды жамандап, «Жас Алашқа», «Қазақ әдебиетіне», «Түркістанға» мақалалар жазып тұратын.

Ұмытпасам 2008 жылы болуы керек, Оңтүстік Қазақстан облысында әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Әкімдік конференцияға келетін қонақтарды әр мекемеге бөліп-бөліп беріп жатты. Ол дегеніңіз әлгі қонақтар конференцияға келгеннен үйіне қайтқанға дейін бекітілген мекеменің қамқорлығында болады деген сөз. Біздің мекемеге, яғни облыстық газетке жалғыз қонақ бекітіліпті. Алайда, қандай қонақ десеңізші! Атынан ат үркетін ақын!

Әлгі ақынды кешкі асқа бір аудан әкімі шақырды да, сол кездегі ОҚО ішкі саясат департаментінің директоры Бахадыр Нарымбетов екеумізге қосыла баруға тура келді. Әкімнің қасында Сириядан келген қонақтар да бар екен, ертеңгі конференцияның негізгі баяндамашысы да солардың бірі болып шықты, бәріміз дастарқандас болдық. Дастарқанға сол отырғаннан қайтқанға дейін әңгіменің тізгіні ақында болды. Сонша не сөйлей берді дейсіз бе? Айтайық. «Бейбарыстың руын Иманғали Атыраудың беріші дегізіп жіберді. Соны ертеңгі баяндамада Отырардың қыпшағы деп айтқызуымыз керек. Мына арабқа өтініш жасаңдар, баяндамасында солай десін. Баяндаманы тәржімалап тұратын Әбсаттар Дербісәлиев өзімнің досым, айтқанымнан шықпайды, оған ескертемін».

Баяндама қалай жасалды, Бейбарыстың «руы» туралы айтылды ма, одан хабарымыз жоқ, себебі бізге конференцияға қатысудың сәті түспеді.Бірақ әлгі ақынның арабтың алдында Бейбарысты өзіне тартпақшы болған сорлылығына куә болудың өзі біз үшін аз жаза емес еді.

Өліні сыйламағандарды тірілер сыйлаушы ма еді?! Рудың шеңберінде қалып  кеткендердің ұлтқа сөзі өтер ме?! «Ақын-жазушылардан қадір қашты» деп тағы ренжиміз. Олардың қадірін өздерінен басқа кім қашырып жүр екен?! Мынадай-мынадай «мінездерден» кейін қадір неге қашпасын?! Қанша жерден шедевр туындылар дүниеге әкелсеңіз де ренжімеңіз, ендігі жерде Сіздің сөзіңіздің қазаққа көк тиынға да керегі жоқ! Қазаққа керек болмасаңыз ешкімге де керек емессіз!

Демек, ақын-жазушылардан қадір қашуының себебін жалғыз әдеби туындылардың оқылмауымен, әлемді ғаламтор мен телевидение патшалығының жаулап алуымен түсіндірудің өзі жартылай шындық қана болып шығады.

Р.S. Бүкіл қаламгер осындай деуден аулақпыз, әрине. Қазақ руханиятының көшін қажымай-талмай алға сүйреп келе жатқан бір Мұхтар Мағауиннің өзі неге тұрады?! Батыс - шығыстағы, желдік - түстіктегі ағайынның Шерағаңның даусын сағынғанының өзіне біраз уақыт болды. Бірақ, мұндай қаламгерлер бүгінде санаулы-ақ. Екі қолыңыз түгілі бір қолыңыздың саусағы тола ма, толмай ма... Ал, кеше ғана кез келген қаламгер ұлт қайраткері еді ғой. Біз соны айтып отырмыз.

Р.S.S. Мақала кейіпкерлерінің аты-жөндерінің айтылмау себебін батылсыздықтан іздейтіндер болса қателеседі. Оқырманды аядық. Кезінде жүрегінің төрінен орын берген азаматтарының рухани ергежейлілігін, шынайы келбетін білмей-ақ қойғаны жөн деген тоқтамға келдік. Жүрегі ауыратын қаламгер көріп тұрғанымыз жоқ, ауырса әлі де болса оқырманның жүрегі ауырады. Ал, олардың жүрегін ауыртқаннан не табамыз?! Бәрін білетін адамдардың кейде бір нәрсені білмей-ақ қойғандары жөн ғой...

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары