$ 494.87  520.65  4.91

«Қарттардың да өнерге бар таласы»

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерейтойына орай «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты өнер байқауының гала-концерті өтті. Концертке қатысқан ата-апалардың ең үлкенінің жасы 86-да деп жазады Алматы облыстық әкімдігінің ресми сайты.

Гала-концерт қариялар тек даналығымен және тәжірибесімен ғана емес, өздерінің сан қилы өнерімен де таңқалдыра алатынын көрсетті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген өнерлі ардагерлер ұлттық би билеп, ән салды, фокус көрсетті. Хормен салған әндері, оркестрмен орындалған композиция да әсерлі шықты.

Жамбыл ауданының тұрғыны 86 жастағы Үмітжан апа Ботбаева қазақтың ұлттық биін нәшіне келтіре билеп, көрермендерді тәнті етті. Үмітжан апа - Жамбыл аудандық ардагерлер ансамблінің бишісі.

Ардагерлерді құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

- Құрметті ардагерлер! Сіздердің облыста алғаш рет өткізген концерттеріңіз өте керемет өтті. Бүгінгі өнерлеріңіз осы залда отырған әрбір көрерменді таңқалдырды деп ойлаймын. Әсіресе, Үмітжан апаның әдемі биіне тамсанбаған жан жоқ шығар. Жастарыңыздың ұлғайғанына қарамастан бойларыңыздағы күш-қуат, өнерге деген сүйіспеншіліктеріңіз – жастарға үлгі болып қана қоймай, рухани кеш сыйлады. Мұндай концерттерді облыстың әрбір аумағында өткізуге, республикалық және халықаралық гастрольдерге шығуларыңызға барынша қолдау білдіреміз. Сіздерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін! Сіздермен мақтанамыз, алдарыңызда басымды иемін! – деп ыстық лебізін білдірді.

Гала-концертті Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов тамашалап, өнерлі қарияларды құттықтады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары