$ 494.87  520.65  4.91

«Жетісу театр керуені» ел аралап, дәстүрлі дінімізді насихаттамақ

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы кезекті гастрольдік сапарға аттанды. Сапар барысында ауылды елдімекендерде діни экстремизмнің алдын алу, халық арасында дәстүрлі дінімізді насихаттау мақсатында жақында ғана тұсаукесері болған А.Ихсанның "Дертке дауа - Хақ жолы" атты әлеуметтік драмасы көрермен назарына ұсынылмақ.

Соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар жарыққа шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізе бастағаны жасырын емес. Аталмыш қойылымда бүгінгі күні біздің ел үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті болып тұрған осы сынды мәселелер кеңінен қозғалған. Автор шығармада бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі көзқарас арасындағы тартысты басты назарға ала отырып, қарапайым қазақ отбасындағы оқиға арқылы жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетуі мен тұрмысымызға дендеп еніп, қоғамдық дертке айналып келе жатқандығын өткір сынға алған. Астанадан арнайы шақыртумен келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Б.Ұзақов осынау жүгі ауыр қойылымды өте сәтті, сауатты сахналап, жастарға ой салар мазмұны терең шығарма қойды.

Былтыр ғана Ақтөбе мен Алматыда орын алған оқиғалар мен кейінгі он жыл төңірегінде елімізде болған терактілерге қатысушылардың дені – отызға жетпеген жастар екенін алға тартатын болсақ, бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселе - діни сауаттылық пен рухани-интелектуалды жастарды тәрбилеу екендігі айқындалады. Осы ретте Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстың Мәдениет және Дін істері басқармаларының қостауымен 31-ші наурызда «Хақ жолы»  қойылымының премьерасы болған еді. Дәл осы қойылыммен облыстың шалғайдағы аудан-ауылдарына шыққан ұжымның да басты мақсаты халық арасында дәстүрлі дініміз бен ата жолымызды насихаттап, жастардың тура жолдан адаспауына өз үлестерін қосу.

Айта кететін жәйт, екі аптаға созылатын гастроль Алматы облысы әкімінің жеке тапсырмасымен облыстағы барлық 16 ауданды аралайтын болады.

Д.Жұмақұлова

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары