$ 474.72  515.17  5.58

Астанада түрік фильмдері күні аясында «Көбелектің түсі» атты кинокартина көрсетіледі

2 ай бұрын Астанада басталған «Айлық түрік фильмдер күні» 20 мамыр күні жалғасын таппақ. Шараны ұйымдастырып отырған Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы бұл жолы елордалық тұрғындарға «Көбелектің түсі» атты фильмді ұсынбақ.

Айта кетейік, биыл бауырлас қазақ пен түрік мемлекеттерінің арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына тура 25 жыл. Осы айтулы дата аясында екі елде де бірқатар мәдени шаралар өтуде. Солардың бірі – Астанадағы түрік фильмдерінің күні. Жоба аясында айына бір рет елорда кинотеатрларының бірінде Түркияның кино мамандары түсірген фильмдер көрсетіледі.

2013 жылы түсірілген «Көбелектің түсі» фильмінің сценаристі және режиссері – Йылмаз Ердоган. Басты рольдерді Қазақстанда кеңінен танымал түрік актерлер Кыванч Татлытуг пен Мерт Фырат сомдаған. Фильмнің оқиғасы Түркияның Зонгулдак қаласында тұратын жас ақындар Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услуның төңірегінде өрбиді. Сол кезеңде ақындар білім алған «Мехмет Челикер» лицейінде әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс істеген Бехчет Недажигилдің ролін  атақты түрік актер Йылмаз Ердоган ойнаған.

Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады.  Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Екеуі де әдебиетке етене жақын. Жас Түркия мемлекеті жаңадан модернизациялану кезеңін бастан өткеріп жатқан 1940 жылдары Европада II Дүниежүзілік соғыс  жалғасуда.  Осындай ауыр кезеңде екі жас ақын құрт ауруына шалдығады. Бірақ ауыртпашылықтарға қарамастан қос ақын өз орталарында поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салған.

Атап өту керек, фильм 2013 жылы 86-Академиялық сыйлық комиссиясы тарапынан «шет тілдегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша Түркия атынан Оскар сыйлығына ұсынылды.

20  мамырда сағат 17.00-де «Керуен» ОСО Кинопарктың 4  залында көрсетілетін фильмді Астана тұрғындары мен қала қонақтары ақысыз тамашалай алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары