$ 498.34  519.72  4.85

Тұрсынбек Кәкішев: «Өтірік айтатын дерттен арылсақ екен»

Тұрсынбек Кәкішев ақсақал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ зиялылары құрған әдеби, мәдени ұйымдарды, сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты зерттеген ғалым. Ғалыммен сол дәуірдің тыныс-тіршілігі туралы аз-кем әңгімелескен едік.

– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби, мәдени ахуалды мұ­қият зерттеп, монографиялық ең­бек­тер жаз­дыңыз. Әңгімені сол төңіректен бастасаңыз...

– Қазақ ақын-жазушылары мен білім­паз­дарының алғашқы съездерінің бірі 1924 жылдары Орынбор қаласында өткен. Бұл съезде Қазақстан, Түркстан рес­­публикаларындағы, Хорезм мен Хи­­вадағы қазақтардың мәдени өркен­де­уі­не ең қажетті мәселелер ретінде жазу ережелері, латын алфавитін қа­был­дау-қабылдамау, терминология, ауыз әдебиетін жинау, оқулықтар шы­ғару мәселелері арнайы талқыланып, көп­шілігі шешімін табады. Съездегі қау­лы бойынша ауыз әдебиетін жинауға қар­­жы бөлініп, жан-жаққа адам жөнел­те­ді. Осындай пәрменді шараның нәти­же­сінде 1920-1925 жылдар аралы­ғында мөл­шермен қазақ тілінде 280-дей кітап шық­қан. Қазақ баспасөзі де сол уақытта жыл сайын өркендеді. «Еңбекші қазақ», «Ле­ниншіл жас», «Ақ жол» секілді жиыр­ма­ға тарта газет, «Пионер», «Сана», «Шол­пан» сияқты онға тарта журнал жа­рық көрді. 
Жазушылар одағы құрылғанға дейін де Совет елін мекендеген ақын-жазу­шы­лардың ұйымдары болған. Оны РАПП дей­тін, орталығы Мәскеуде болды. 1925 жы­лы Сәкен Сейфуллиннің тікелей бас­тамашылығымен Қазақстанда ҚазАПП (Қазақстан пролетариат жазушылары­ның ассоциациясы) ұйымдастырылды.
Пролетариаттық бағыттағы, яғни ке­дей-кепшіктің жырын жырлайтын әде­биетті, мәдениетті өркендетуге, ақын-жазу­шыларды сол төңірекке ша­қыру­шы­лардың, ұйым­дастыру­шылар­дың алғашқыларының бірі – Сәбит Мұқанов. Ол 1924, 1925 жылдары ма екен «мен ауыл­ға қайттым» деп Пет­ро­павлға кетіп қал­ған. Сол жердегі талант­ты жігіттерді ұйым­дастырып, Петропавл Жазушылар ұйы­мын құрады. Қазір өткен сол дәуір­лерді «большевиктік идеология», «комму­нис­тік идеология» деп, ақ-қарасын айырмай дырылдатып сойып жатырмыз. Барлығы қазір шеттерінен данышпан, ке­­меңгер боп алды. Көбі сол кездегі әде­биетіміздегі, халықтың саяси-әлеу­мет­­тік өміріндегі дүниелерді білмей тұ­рып, үкім айта береді. «Жұрт кітап оқы­майтын болды» деп елді сөгетін ақын-жазушылардың өздері де онша із­­денбейді-ау, әйтпесе біржақтылы пі­кір айтудан әлдеқашан арылар еді... 
– Жиырмасыншы жылдары құры­­ла бастаған әдеби, мәдени ұйымдардың ұстанымы қалай болды?
– ҚазАПП құрылған кезде алашорда­шыл, ұлтшылдардың «Алқа» деген ұйымы да ашылды. Бірі пролетариаттық, бірі ұлт­шылдық бағытты ұстанған соң да жағ­дайдың қалай болатыны белгілі ғой. Қа­зақ ақын-жазушылары топ-топқа бө­лініп, айтыс-тартыс басталды да кетті. Қа­зақ әдебиетінде екі идеологияның қақ­тығысы орын алды. Бірі Октябрь ре­волюциясының рухын жырласа, келе­сі­сі бұл құбылысты жоққа шығарды. Әң­гіме болсын, айта кетейін. Самат Нұр­жан­ов де­ген ақын болған, соны Молда­ғали Жолдыбаев деген сыншы: «Төңкеріс жазушысы болғысы келетін қазақ жастарының көбі төңкерістің ішінде болып, төңкерісті бастан кешірген жоқ. Бастан кешірмеген нәрсені кісі қалай жазады? Төңкеріс жолында айдауда, байлауда, абақтыда шіріген қазақ жоқ деуге болады. Ондайлар шықса 1917 жылғы февраль төңкерісінен кейін шықты. Сондықтан төңкеріс қазақтың көпшілігіне көктен түскен олжадай болды. Біздің көбіміз төңкеріске жолдан қосылған «жолбике», көлденеңнен жолыққан «көк аттымыз». Төтеден қосылдық. Төңкеріске мидай араласып, қызығын да, шыжығын да бастан кешір­меген соң «көлденеңнен қараушы» (зритель) болып отырып жазған сөздер нағыз төңкеріс өлеңі болмайды. Қазақ былай тұрсын, әуелі төңкерісті жасап отырған орыс жұртында да нағыз төңке­ріс ақындары кем. Орыстың төңкерісті жырлаған ақындарын Троицкий «жолдан қосылғандар» деп айтады. Сондық­тан «қырам, жояммен» төңкеріс ақыны бола қою қиын нәрсе...», – деп сынайды. Сол се­­кілді Мағжан Жұмабаевты да қар­сы­ластары жерден алып, жерге салады. 1925 жылы Мағжанның таң­дамалы өлеңдер жинағы шыққан. Бұған С.Ходжанов кіріспе сөз жазып, Аймауытов және басқалардың Мағ­жан­ды дә­ріп­­теген сын мақалалары жарияланады. 1924 жылы Москвадағы Күн­шығыс халықтарының коммунистік универ­си­тетінде Мағжанның өлеңдерін талдау үшін жиналыс шақырылады. Оған ал­пыс­тай адам қатысып, біразы: «Мағжан өлеңінде көбінесе өткенді көксейді, ес­кілікті іздейді, ұлтшылдықты жырлайды, өзімшілдікті, менмендікті дәріптейді», – деп пікірлерін айтады. Жасыратыны жоқ, кезінде Мағжан ақталмай тұрғанда өзі­міз де сынадық қой. Сәкен Сей­фулли­ннің өлеңдерін Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасов және басқа да сыншылар жоқ­қа шы­ғарса, оны Ғабит Мүсірепов ақ­тайды. «Алқа­лықтар»: «Қазақта шын мә­нінде пролетариат жоқтығын ескеріп кел­генде біз­дің әдебиетіміздің сипаты ха­лықшыл, бұқарашыл болуға тиіс. Біз­дің ту етіп ұстайтынымыз – «өнер – өнер үшін» болуға тиіс. Әдебиеттің бағыты жө­ніндегі таласты доғарып, барлық жазу­шылар, қолынан іс келетіндер мә­де­ниеті бай елімізді көркейту жолына күш-жігерімізді жұмсайық», – деген ұстанымдарын айтса, «ҚазАПП» өз­де­рі­нің ұстанымдарын алға тартты. Тіпті, Қаз­АПП-тың өзі кейін оңшыл, солшыл бо­лып бөлінді. «Біздің қазақ ақында­рын­да «пролетариат ақыны» – деп сөй­леуге де орын жоқ. Фабрика-завод тұр­мысын қазір суреттеп жаза алмайды. Себебі – тұрмыста жоқ. Болса – жал­пыға түсініксіз» деген оңшылдық пі­кірді Ғ.Тоғжанов бастаған кісілер қол­дады. Жүсіпбек Аймауытовтың «төң­керіс бір жағынан желдеген үндеу кір­гізсе, екін­ші жағынан, уайым-қайғы кіргізді» дей­тіні бекер емес қой. 
Жиырмасыншы жылдарда қазақ әде­­биетіндегі бағыттардың, көркемдік әдіс жө­ніндегі айтыс-тартыстарға бір­жақты қа­рап, оңай шешім шығара са­луға болмайды. Бұл – өте нәзік мәселе. Сәбит пен Сәкен болмаса, Кеңес үкіметі бізді айналып өтіп кететіндей сөйлейді көп ағайын­­дар. Шынында алашорда­шыл­ар­дың да, Сәкен, Сәбиттердің де ойла­ға­ны қазақтың жағдайы. Әрине, таңда­ған бағыттарының басқа болғаны рас. Сә­кен жиырмасыншы жылдардың басында үлкен қызметте, қазіргінің тілімен айтқанда, Премьер-Министр дәрежесінде лауа­зымы болды. Сол кездерде оқу-ағар­ту, мектеп салу істеріне Сәкен мық­тап кірісті. Сол үшін партиядан ескерту де алды. Жиырма екінші жылы қазақ ті­ліне мемлекеттік мәртебе алып беріп, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазып, 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елмізді қазақ деп атаған да Сәкен.

– Кеңес үкіметінің идеологиялық қыз­метін атқарған ҚазАПП-тың ғұ­мы­ры неге қысқа болды? 

– 1932 жылы Орталық Комитеттің «Әде­биет пен көркемөнер ұйымдарын қай­та құру туралы» деген қаулысы қа­был­данған. Осыған сәйкес сол кездегі одақ­тас республикалардың астанасында да Совет жазушылар одағының ұйым­дастыру комитеттері құрылады. Қаз­АПП тұсында айтыс-тартыстан қолы бо­самаған ақын-жазушылар ел-елді ара­лап, Орталық Комитеттің қаулысына сай жұмыстар жасайды. Сонымен, 1934 жылы Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы құрылады. Съезде негізгі баян­даманы Ілияс Жансүгіров, қосым­ша баяндамаларды Мұхтар Әуезов, Сә­бит Мұқанов бастаған бірнеше кісі­лер жасайды.
ҚазАПП қызметіне баға берген уа­қыт­та, айтылар уәж мол. Оның РАПП ұран­дарына еріп, көп жағдайда тұрпайы со­циологияға ұрынған тұстары да аз бол­мады. 1931 жылдары РАПП-тың V плену­мы болып, РАПП жұмыстарын қай­та құру мәселесі көтерілген. Ал ол қате-кем­шіліктер ҚазАПП-қа да тән. Бұл енді АПП системасының құлдырауға бет­те­ге­нінің нышаны. Сол себепті де отыз екін­ші жылғы қаулы қабыл­дан­ды...
– «Алқа», «ҚазАПП» сынды ұйым­дар құ­рылған шақтан бері екіге жа­рыл­ған көз­қарастарға бүгінгі ұрпақ қан­­ша­лық­ты әділ бағасын беріп жүр?
– Қазір Совет үкіметін «орнатқан» екі-ақ адам қалды. Бірі – Сәкен Сейфуллин, бірі – Сәбит Мұқанов. Өңгелері күні үшін амалсыз, шарасыз Совет үкіметін жақ­тапты. Қайта осы күні Сәкен тұғы­ры­на қонып келе жатыр да, Сәбитке қа­ра таңба басылып, «о, бұл Совет үкі­метін орнатқан оңбаған» деген сөздерді біз­дің журналистер радио-теледидардан оң­ды-солды айтып жатады. Қазіргі біз­дің журналистикамыз болсын, идеологиямыз болсын дұрыс жолмен келе жатқан жоқ. 
Тұрсын Жұртбайдың «Жұлдыз» журналына жарияланған «Ұраным – Алашымды» үзбей оқып келемін. Бұл Мұх­тар мен Сәбиттің арасындағы қаты­насты, Мұх­тардың басқа жазушылармен (Ға­бит­пен, Ғабиденмен) қарым-қатынасын жа­зып, документпен көр­­сетіп отыр. Мен Тұрсынның көп ойла­рына қо­сы­ла­мын. Шындықпен, фак­тімен сөйлеген адам­ға қалай илан­байсың. Қазір Алаш ақ­талды. Ал Алаш ақталмаған тұста жаз­ған оқулық­та­рын­да, кітаптарында, мақалаларында бол­сын қара бояуды бат­тастырып жаққан адамдар бұл күні бас­қаша сайрауға көшті. «Кімнің тарысы піссе, соның тауы­ғы болатын» мұн­дай­ларға қалай сенуге болады? Сосын бір бай­қа­ғаным, қазіргі жастардың өлең­дерінде жылау-сықтау, ел көш­кен­дей трагедия басым боп кетіпті. Ұзақ жыл есесі кетіп, отар ел болған­ды­ғы­мыз­­дан ба екен деп қоям. Тап қазі­р ез­гі­де, құлдықта жүрсе бірсәрі, бұл не зар? Ал жарайды, махаббатты, жастыққа тән романтиканы түсінуге болар, жы­ла­сын-ақ. Ал одан басқа қоғамдық өмір­де сонша егілетіндей не қайғы? Азаттық келді, тәуелсіздік алдық. Аңсағанымыз сол емес пе еді! Өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей-ақ таттық. Арыстарымыздың атын ауызға ала алмайтын дәуірді бас­тан өткердік. Тұрмыстық қиыншылық де­ген уақытша болатын, кісіні сынай ке­летін нәрсе, соған бола бордай егілу­дің жігіттікке, азаматтыққа қанша қа­ты­сы бар? Мағжанның зарын, Қа­сым­ның қайғысын, Мұқағалилардың мұңын ту­дырған дәуір мүлде басқа заман емес пе?..
Осы ғұмырыңызда талай тарихи істердің куә­сі болған шығарсыз...

– 1957 жылдары Сәкен ақталды. Сол кезде Жазушылар одағында Сә­кен­ді еске алу кеші болды. Сол кеште Сәбит Мұқанов бір-екі сағаттай естелік айтты. «Сен­дер әлі күнге Қазақ Совет әде­бие­ті­нің негізін салушы деп мені айтып ке­­ле­сіңдер. Міне, шын иесі қайтып кел­ді. Мұнан кейін сол иесін атаңдар», – де­ген Мұқанов сөзі менің сәкентану жо­лына түсуіме үлкен әсерін тигізді. Жи­­на­лыс соңында Жұмағали Сайын Сә­кеннің «Көкшетауын» бастап кеп жі­бер­ді. Біраз жұрт көзіне жас алды. Шын­дығында 1937 жыл – қазақтың зиялысыз қалған жылы. Қазақтың жаттампаз, жағымпаз болып кетуінің себебі сол үлкен жоғалтуларда жатыр. 1928-29 жылдары ұлтшылдарды, алашордашылдарды қудалау басталды. Қаншама қазақ зиялылары тұтқын­дал­ды. Сол кезде Ах­мет, Мағжан бастаған 13 адамды ату жа­засына үкім етілді. «Өткізген қа­те­лік­тері үшін кешірім сұрап, жалын­ғандар ті­рі қалады» деген сөз тарады сол уа­қыт­тарда. Тұтқын­далған 13-тің 12-ісі «жаз­ған», «жаңыл­ғанын» айтып, арыз жаз­ды. Он жылға сотталды. Ал: «Мен өзі­­нің зиялыларына мұндай қорлық көр­­сететін үкіметтен кешірім алғым кел­­мейді», – деген жалғыз адам – Жү­сіп­­бек Аймауытов еді. 1931 жылы Мәс­кеуде атылып кетті. Сәкендердің ақ­талуы – жаңа бір заманның, кезеңнің кел­гені. Сондай бір «өлген тіріліп, өш­кен жанған» тарихи сәттердің куәсі бол­дық қой. Қартайдық, көп нәрсе бір­ден қайдан еске түсе берсін...
Заман құбылып, басшы өзгере бе­ре­ді. Басшының ыңғайына, айтқан сө­зі­не қарай жығыла беру – ол шын білім­ді, зиялы адамдарға, елдікті ойлайтын кі­сіге тән нәрсе емес. 
Мен – шахтердің баласымын. Жұмыс­шы­лардың ортасында ашығын айтып, шын сөйлеп үйрендік. Әкемнің мінезі де қы­зық еді. Ашуланған кезінде дүниені төң­керіп тастайтындай болады да, сәл уа­қыт өткен соң ол ашуының ізі де қал­май­ды. Сол мінезі бізге де ауысқан болу керек, Зейнолла марқұм: «Тұрсынбек-ау, сен айтқанды мен де айтып жүрмін. Бі­рақ мен көйлегін кигізіп, галстугін та­ғып барып айтам. Ал сен келесің де қойып кеп жібересің», – деуші еді. Расымен мен ондай дип­ломатиялық қа­ты­нас­қа шорқақ болуым керек. Шамамыз­ша қазақ әдебиеті, мәдениеті, қазақ әде­биеті сынының тарихы төңірегінде еңбек еттік. Кей­біреулер се­кілді мерейтойлық мақа­лалармен атақ-абырой алып, «тұлға» атанбадық. Шын­дық қай заманда да ащы, ащы екен деп өтірік сөйлеуге болмайды ғой. Қазір өтірік айту «модаға» айналды. Осы дерттен арылсақ екен деген тілегім бар...

Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Сорға біткен бақ