$ 443.85  474.3  4.8

Сорға біткен бақ

 Алтайдың ту қиырындағы сол ауыл есіме түссе, жүрек құрғырдың сыздап ала жөнелетіні бар. Кейде түс көріп жатып оянған мезетте шәкене ауылды шарлап келгендей көңілім құлазып, біраз уақыттың өткенін сезбей де қалам. Бұрын Муза деген пір бар дегенге онша мойындай бермейтінмін. Мойындасам да қыз кейпінде елестетуден ары аспаппын. Ұйықтап жатып көкірегім ашып оянғанда сол Муза дегеннің қанаттарым байланып, үстінен ұшып өтуге дәрменім қалмайтын түстегі ауыл екенін сезінем.

Өмір туралы, өмірді қалай сүру туралы кісілік өлшемдерді санама шегелеп кеткен кішкене ауыл жыл өткен сайын аса ұлағатты ұстаз кейпінде елес береді. Опасыз шәкірт секілді анда-мұнда еске алғаным болмаса, көп ғұрып-әдетті бүгінгі тірлігімнің мәні деп санамайтын күйге де жеткем. Адамзаттың АБЭсінің «Құм құрсауындағы әйел» романындағы қазаншұңқырдан шыға алмаса да, шығу ниетінен еш қайтып көрмеген бейшара еркектің күйін кешкендей тыраштанып жүріп жатқан жайымыз бар. Кісілік мінез, адамдық қасиет жөніндегі тол¬ғаныстар мен болмыстарды айтқың келгенде, кино картиналарындай көз алдыңнан сырғып өтетін, ауыл өміріндегі бірер оқиғаны еске алып қойсаң да жеткілікті екен. Сондай зулап өткен өмірдің бір бетіндегі ұмытылмайтын, бала күнгі көрген-білгендер еді бұл да...

Қасаңбай мен Әутәліп ақсақал төңірегінде ауылда көп әңгіме айтылатын. Алпыстан асып, жетпіске таяса да шыр еткенге зар болып өткен қос қарияны аяғаннан айта ма, әйтеу екі шал туралы жұрттың күңкіл-сүңкілі бітпейді. «Алла Тағала да қызық осы, екі бейбақты зарықтыр¬май бір шикі ет сыйлай салса несі кетеді? Пәленбайға он бала бергенше осы екеуіне берсеші! Әй, тұрлауы жоқ дүние-ай!» деп бір қоятын. «Бұ шалдар да қызық, бала көтермеген әйелді ту баста-ақ жолға салмай несіне айналып, үйіріледі екен? Тағдырдың ісіне не шара деп жүре берсе жүре береді ғой, әй, өздері де қырт...». Осындай алуан-алуан әңгіме айтылып жатса да, оған іш жиып жатқан қариялар жоқ. Мұңы да, сыры да ортақ болған соң ба, екі шалдың жұбы жазылып көрген емес. Астындағы қойторыларын ауыл сыртындағы дөңеске шалдырып, жамбастап жата кетіп, ұзақ күнді сонда өткізетін. Не айтатындарын бір Құдай білсін. Кейде адамның ішкі күйзелісі ортақ болса, айнымас, қимас жандарға айналатын секілді. Жұбы жазылмайтын қос қарияның бір-бірін аса құрметтейтіні, сыйлайтыны жұртқа өнеге де болатын кейде. «Дос болсаң, осы екеуіндей бол. Шіркіндердің сыйластығының алдында бүкіл дүние неге тұрады. «Отыз ұлың болғанша осырақ шалың болсын» деген де дұрыс шығар». Қай қырыңнан болсын сөз тауып айтатын қазақ емеспіз бе?..

Бір жылы Алтайдың торғайбас қары толастамай, қытымыр қыстың қысқан кезінде Әутәліп ақсақалдың ұзақ жыл отасқан жары о дүниелік болды. Марқұм әйелінің жылы өткен соң туыстарының, Қасаңбай ақсақалдың қайта-қайта қыстауымен Әбекең төсек жаңғыртты. Алғаны өзінен көп жас кіші, желек жамылып жесір қалған ауылдағы бір инабатты әйел еді. Дәм-тұзы жарасты. Бірер жыл өткен соң бала да сүйді. Сол кездегі Әбекеңнен гөрі Қасекеңнің қуанышын айтып сұрама. Біреудің қуанышы үшін басқа адамның соншалық шаттанғанын көрген де бақыт екен. Ол қасиеттен де айырылып барамыз. Адамдық құндылыққа үрке қарап, жатбауыр боп, махаббатсыз дүниені неге сүріп жүргенімізді түсінбейміз. Не керегі бар еді?..

Екі шалдың арасында еркетотай болып өскен (жаңағы Әутәліптің баласы) Серік үш жасқа толатын жылы ауылдағы суы тартылып қалған ескі құдыққа құлап, тіл тартпастан бақилық боп кетті. Әутәліп ақсақалдың сақалын жуған көз жасы күні бүгін көз алдымда. Шаш-сақалы қудай адамның егілгенін, әкелер қайғысының соншалықты ауыр болаты-нын тұңғыш рет сезіндім. Асыр салып ойнап жүрген ойын баласымыз ғой, жанымыз ашыған сыңай танытып жүргенімізбен Әбекеңді бізді қойып бүкіл жұрт жұбата алмаған. Асқар тау шөккендей ауыл күңіреніп тұрып алды. Жас мүрдені жер қойнына берген соң төрт-бес күн көрінбей кеткен Қасаңбай ақсақал торшолағын жетектеп, бүк түсіп жатқан Әутәліп шалдың белдеуіне ат байлады. Жөткірініп үйге кірді. Кіріп-шығып біз жүрміз. Теріс қарап, бүк түсіп жатқан Әбекеңде үн жоқ. Қасаңбай шал тағы бір жөткірініп алды да: «Ей, Әутәліп! Сені қойшы, мені айтсаңшы! Бірер жыл болса да бауыр етіңді иіскедің ғой. Мені айтшы, мені! Серік сенің ғана емес, менің де алданышым еді. Соны да көп көрді ғой бұл Тәңір! Басыңды көтер, меннен бақытсыз емессің!». Сөз сол болды. Ешкімнің жұбату сөзін құлағына ілмей жатқан Әутәліп ақсақал басын көтеріп, бір солқылдап жылап алды да, Қасаңбай досының соңынан сыртқа беттеді...

Бұрынғысынша жұбы жазылмайтын екі шал... Ауыл... Көп өтпей екі ақсақал да өмірден озды. Жұрт жиналып ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмдардың бақыты, бақытсыздығы туралы еш талқы, талас болған жоқ. «Жақсы адамдар еді» дейді әйтеу бәрі. Жақсы адамдар еді шынымен...

Ырысбек ДӘБЕЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары