$ 498.34  519.72  4.85

Софы мен Шәмшінің көршілігі

Құдай қосақтаса, кіммен кім көрші болмайды? Алматыдағы «тещин язык» аталып кеткен ұзын әрі тар көшеде орналасқан «алқаштардың ақ үйі» мен «сараңдардың сары үйі» туралы қағытпа қалжың әңгімелерді басқа түгілі сонда тұрып кеткен қаламгерлердің өзі әлі күнге жырдай ғып айтып, рахаттана еске алатынының талай рет куәсі болдық. Белгілі жазушы Софы Сматаевтың «Тағдырлар» атты пьесасы да осындай адал көршіліктің әсерімен жазылған екен.

1969 бен 1972 жылдардың арасында Софы ағамыз Алматының 12-шағынауданында композитор Шәмші Қалдаяқовпен бір үйде көрші тұрады. Композитор – бірінші қабатта, жазушы – екінші қабатта. Софы Сматаев көшіп келген бойда көршісінің мінезіндегі қызық қырларын бірден байқай бастайды. «Неге екені белгісіз, Шәмші ән шығарғанымен, отырыстарда, арқа-жарқа басқосуларда өзінің соншама көп ағыл-тегіл әнінен бірде-бір ән айтпайтын еді. Оның айтатын жалғыз әні бар, ол «– «Құсни-Қорлан» болатын. «Құсни-Қорланды» айтқанда, ол әннің арасында міндетті түрде комментарий жасап отыратын. Әнді айтып келе жатып, «Аш белің қылдай нәзік үзіліп тұр» деген жолдарына келгенде, әнді ортасынан кілт үзетін де, «білесіңдер ғой, қандай қыздың белі үзіліп тұратынын, ондай бел мынандай болады» деп, бас бармағы мен ортаңғы саусағын иіп әкеп дөңгелете шеңбер жасап, бұралған аш белдің қандай болатынын көрсететін де, ары қарай әнін жалғасытырып әкететін. «Сыртынан орыс, қазақ сүйсініп тұр» деген жолға келгенде, «Білесіңдер ғой, орыс, қазақтың қалай сүйсінетінін? Екі ғашықтың сезімдері мөлдір, махаббаттары таза ғой. Құсни, Қорланға қараңдар деп, Ертістің бойына орыс, қазақ жиылып келіп, екеуіне сүйсінген, ынтызар көңілмен қарап тұр ғой» деп, тағы да түсініктемесін беріп, екі көзін шарт жұмып, келесі жолдарын шырқай жөнелетін. Шәмші табиғатынан пенде баласына қылаудай жаманшылығы жоқ, ақкөңіл, адал, пейілі таза адам еді. Өзім бақылап, көріп, көңіліме түйген осы жайтты «Тағдырлар» атты пьесама кіргіздім. Пьесадағы Әскен деген басты кейіпкерімді сомдағанда, Шәмші Қалдаяқовты көз алдыма әкеп қойып, болмысын қағаз бетіне көшірдім... Бірақ пьесада Әскен көбінесе «көрші» деп аталады» ,–дейді Софы аға.

«Тағдырлар» пьесасы 1976 жылы Абай атындағы Семей облыстық драма театрында қойылады. Келесі жылы Семей драма театры спектакльдерінің фестивалі өтетін болып, Алматыға гастрольдік сапармен келеді. Фестиваль шымылдығы «Тағдырлар» спектаклімен ашылады. Астанаға өз шығармасы бойынша қойылған спектакль келіп жатқан соң, Софы Сматаев оң жағындағы, сол қанатындағы, астындағы, үстіндегі көршілерін қойылымды көруге шақырады. Бірақ оқыс жағдайға ұшырап қалып, Шәмші ағамыз бұл күні театрға бара алмай қалады. Абай театры келіп жатқан соң Алматының өнерлі ортасы мен жақсы-жайсаңдары үйде қалай тыныш жатсын, ел жақтан жақсы дүние келгендей елеңдесіп, тайлы-таяғы қалмай театрға шұбырады. Спектакль аяқталып, Софы ағамыз артистердің өнеріне тәнті болып, сезімнің иіріміне оралып шыға алмай тұрғанда, бүйірден Нұрғиса Тілендиев келіп ақырын ғана түртіп: «Әй, Софы, анау көрші дегеніңді таныдым. Кім екенін айтайын ба?» дейді. «Айтыңыз» дейді жазушы. «Қазір көршің бе, көршің емес пе, білмеймін, бірақ, Әскен деп отырған көршің біздің Шәмші Қалдаяқов»,–дейді. Софы Сматаев етене жақын араласқан адамдардың жазбай танығанына қарап, композитордың мінезі мен болмысын өте дәл бейнелей алғанына қуанғандай «рас» дейді.

Семейліктердің өнері алматылықтарға ұнап, спектакльді талқылаған пікір тарала келіп, Шәмші ағамыздың өзіне де жетеді. Сөйтіп, соңғы қойылымға композитордың өзі де келеді. Тапжылмай отырып тамашалап, спектакль аяқталған соң жас баладай ебелек қағып, қатты қуанған кейіппен С.Сматаевқа келіп: «Софы, сенің мынау дүниең тым жақсы екен. Әсіресе, мені өте жақсы адам етіп көрсетіп қойыпсың. Мен өзімді таныдым. Образымды дәл жасапсың. Егер мен дәл осындай таза адам болсам, осындай адал адам болсам, дәл осылай елдің қамын жесем, маған одан артық не керек? Не болса да, мені бір жақсылап суреттеген екенсің» деп қатты қуаныпты. Софы ағаның айтуынша, адамға шын көңілден жақсылық тілейтін бір адам болса, ол – Шәмші Қалдаяқов. Бір үйдегі адамдардың басындағы түрлі тағдыр, олардың қуанышы, мұңы, өмірдегі махаббат, тазалық, адалдық туралы кейіпкерлердің бір-біріне кереғар ойлары, айырылысу, кездесу, табысу, ағайынды Ноян мен Саянның арасындағы шиеленіс – шығармада тұтас композиция құрайды. Адуынды мінездің иелерін жұмсақ жүрегінен шыққан жылы сөздерімен жуасытып, адалдыққа, тазалыққа иіріп әкеп, адам деген аттан алыстамауға шақырып, шырқырайтын да осы – Әскен-Шәмші. Ауыздығымен алысқан бас білдірмес асаулар тіпті сөзге де тоқтамай, бірінің жанын бірі аяусыз азаптауға көше бастаған кезде, не істерін білмей жанұшыратын бейбақ көрші «мен сендерге өлең айтып берейін» деп баяғы «Құсни-Қорланға» басады. Софы ағаның айтысына қарағанда, композитордың тағы бір қызық мінезі – бірде-бір әңгімесін жұп-жұмыр етіп, бастан-аяқ бүтін ғып айтып шықпайтын көрінеді, әңгімені бастайды екен де, кез келген жерінен үзіп, келесі әңгімесіне көше жөнелетін болыпты. Көршісінің мінезіндегі осы қырын да жазушы-драматург қапы қалдырмай, шығармасына шебер пайдалана білген. Жақсылық жасаудан өзге нәрсені ойламайтын, ар мен адалдықтан басқа мінез бойына сыймайтын, тұла бойы кешіру деп аталатын кең қасиеттен тұратын Шәмші «адам жанының – инженері», жазушы көршісінің көңіліне осы қасиетімен ұялап, ой салғанға ұқсайды. Ол заманда Шәмші, әлбетте, «ұлы композитор», «вальс королі», «тыңнан түндік көтерген құбылыс» деп құрметтеле қойған жоқ. Тіпті көршісінің жай көрші емес, ғажайып көрші екенін жазушының өзі де  ол кезде мойындап, бағалай қоймағанын жасырмайды. Софы Сматаев ағамыз: «Шәмшіні шығармама композитор ретінде емес, адамның ұзақ өмір жолында жылт етіп бір көрініп, сол бойы көңілде мәңгі қалып қоятын, екінші рет сол қасиеттің басқа адамның бойынан көрінуі де неғайбыл, сұмдығы көп өмірде сирек кездесетін адал адам болғаны үшін шығармамның кейіпкері еттім», – дейді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары