$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Дін мен дәстүр ІІ» кітабының тұсаукесері өтті

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр ІІ» кітабының тұсаукесері мен «Халық мұрасы» атты дәстүрлі ән кеші өтті.

Аталмыш шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, теолог Ершат Оңғаров, академик Мұрат Жұрынов, белгілі ақындар Құл-Керім Елемес, Әлім Аманхан, Бақыт Жағыпар, жазушы-сыншы Нұрдаулет Ақыш, прозаик Нұржан Мұратәлі мен Қали Сәрсенбай, профессор Шәмшәддин Тұрсынұлы және мүфтияттың ұстаздары мен шәкірттері қатысты.

«Дін мен дәстүрдің» екінші бөлімінде салт-дәстүр туралы түсінік, дәстүрдің діндегі орны, ислам мен дәстүріміздің қабысатын тұстары жайлы жан-жақты мәлімет берілген. Кітап 6 бөлімнен тұрады.

– Жамағат пен зиялы қауым өкілдері тарапынан «Дін мен дәстүр» кітабына қатысты жылы пікірлер айтылды. Бірінші кітап жарық көргенде оқырмандарға «Дін мен дәстүрдің» екінші бөлімін шығаруға уәде бергенбіз. Ғалымдарымыз кітаптың екінші бөлімін сараптамадан өткізіп, дайындап шықты. Бұл кітап 7 мың данамен жарық көрді. Алдағы уақытта 50 мың данамен шығарамыз. Барлық өңірлерге жеткізіледі. Дін мен дәстүр – халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті. Қос қанатымыз. Бұл игі идея діни орта мен зайырлы қауымды бір мүддеге біріктірген көпірге айналды, – деді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген зиялы қауым өкілдері де жақсы пікірлерін ортаға салды. Діни басқарма жанынан шығатын кітаптарды қарап отырамын деген Нұрдаулет Ақыш басқарма басылымдарының сауатты екенін айтты.

– Байқайтыным, шығып жатқан басылымдар сауатты. Қай жағынан алып қарағанда да деңгейі жоғары. Бірінші кітапта «Дін – дәстүрдің елегі» деген ой айтылған. Дін дәстүрдің қажеттісін, қажетсізін сүзіп алып қалады. Бұл идеяны Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласында да айтқан. Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Кітапта бұл да ескерілген екен. Екінші айтар ұсынысым отбасын құруға қатысты жеке кітап шықса екен деймін. Неге? Отбасын құруға қатысты мәселелерді толық қамтып өту өте маңызды. Сосын үйленуге қатысты жоралғылар бар. Мысалы, отқа май құю осы дұрыс па, бұрыс па? Ғалымдар осындай ырым-жоралғыларды жан-жақты саралап жеке кітап етіп халыққа ұсынса дұрыс болар еді, - ҚР Жазушылар одағының мүшесі Нұрдаулет Ақыш.

Ал соңынан ұйымдастырылған «Халық мұрасы» атты ән кешіне Амангелді Күзеубай бастаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның Халық әні кафедрасы мен Рамазан Стамғазиев бастаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының ұстаздары мен шәкірттері өнер көрсетті.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары