$ 498.34  519.72  4.85

Таразда Нұрғиса Тілендиевті еске алды

Қазақтың әйгілі композиторы, дирижер, домбырашы, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің биыл 93 жылдығы. Осыған орай Жамбыл облыстық филормониясы ұлы сазгердің шығармашылығына арналған «Өз елім» атты концертін өткізді.

Сахна төрінде талантты тарлан – туған халқы үшін барынша еңбек еткен дарын иесінің 25-ке жуық әуезді әндері мен күмбірлеген күйлері орындалды. Мәдени шара Елбасымыздың «Рухани: Жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласын ілгерлету мақсатында, ұлы сазгердің шығармашылығын насихаттауға бағытталды. Сондай-ақ, жиында өнер тарланының өмірі мен шығармашылығы туралы  деректі фильм қалың көпшілікке ұсынылды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары елдің экономикасын аяқтан тұрғызуға бағытталса, бұл жолғысы халықтың санасын жаңартып, руханиятын жаңғыртуға негізделген. Яғни, қазақ халқының тарихын тірілтіп, ұлттық құндылықтарын жандандырады. Тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін насихаттау да солардың қатарында. Яғни, бүгінгі Н.Тілендиевті еске алу шарасы қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған.

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы. Ол 1925 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. 1998 жылдың 15 қазанында Алматыда дүниеден өтті.

Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет.

Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл рете, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті. Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары