$ 494.87  520.65  4.91

Қанағат Әбілқайыр, жазушы: «Ешкім болғым келмейді»

– Оқырманның, бағалаудың әділеттілігі, жарияланудың ләззаты, жазудың жауапкершілігі, халықтың ықыласы сіз үшін қандай?

– Меніңше оқырманның әділеттілігі мен бағалаудың әділеттілігіне біржақты қарауға болмайды. Абай атамызша айтсақ, әркім өзінің түсінген жеріне дейін ғана әділетті. Одан кейінгісі ардың ісі. Арға салса әділін айтады. Болмаса бұра тартады. Яғни, бағалау ұдайы әділетті бола бермейді. Оған көп қазақтың (басқа халықта нем бар?) топқа бөлінетінін, өзімсінгенін асыра мақтап, іштартпағанын ысырып қоятынын қосыңыз. 

Ал, жарияланудың ләззаты бары рас. Мектепті жаңа аяқтап, Алматыға келгенде «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттеріне жариялану мақтаныш болатын. Сол басылымдарға әлденеміз шыға қалса (көркем шығарманы айтам) дәу қаланың бізді мойындағаны-ау деп ойлайтынмын. Тек, ләззатты салқын ақылға салып саралап отырар ес керек. Әйтпесе ләззат ұлғая келе өзіңді жақсы көруге айналып, ізденуден қаласың-ау.
Енді жазудың жауапкершілігіне келсек... М.Мағауин «Мен» деген мемуарында қаламсапты қалай таңдайтынына дейін тәптіштеп жазады. Міне, бұл нағыз жауапкершілік. Толғап-толғап жіберетін О.Бөкей «Шығармаларым балам сияқты. Қалай жазылды, солай қалады. Үстінен қайта түземеймін» дегенге саятын пікір айтады. Бұған қарап бұл кісіде жауапкершілік жоқ деп тағы айта алмайсыз. Қысқасы, дәл осы кісілердікіндей жауапкершілік жоқ менде. Жазғым келсе, жазам. Болмаса жанымды қинамаймын. Бұл жақсы емес!
Ал, халықтың ықыласы мен үшін ауа сияқты.

– Осы жанды қинамау, қиналмай жазу жазушыға тән қасиет емес қой. Қаламгердің қиналу үшін жазбайтыны анық. Бірақ жазу қиын. Жазғыңыз келгенде ғана қалам ұстайтын болсаңыз да, қиналатын шығарсыз. Сіздің шығармаларыңыз көбіне диолог түрінде келеді. Жазушы үшін ең қиыны меніңше диолог жазу. Сізге ол неге оңай?

– Мен о бастан жалқау адаммын. «Жалқау болмасам осы күнге дейін жазғандарым 5-6 кітапқа жетіп қалар еді» деген өкініш те бар. Ал аса қиналған кезім есімде жоқ. Жазғым келгенде отырам да жазам. Оның қаншалықты шынайы, қаншалықты көркем шыққаны оқырманға аян. Мүмкін оның сондай тез әрі жеңіл туатыны - өзім хабардар дүниені жазатындықтан болар. Мәселен, С.Мұратбековтің «Өткен тарихты емес, көзім көрген айналамдағы өмірді ғана жаздым» дегенге келетін сөзі бар. Менікі де солай-ау деймін. Күрделі жазуға немесе өзім білмейтін нәрсені қозғауға ниет қылған емеспін.

Негізі, жазушылық - өнер. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін дегдар өнер. Бірақ, мен өзімді сол өнерге адалмын деп айта алмаймын. Өйткені, оны кешегі Абайлар, Мағжандар, Мұқағалилар сияқты әлпештеген емеспін.

Меніңше жазушы ұлттың, оқырманның эстетикалық талғамын қалыптастырушы. Соған еңбек ету керек сияқты. Тек қана қоғамның болмысын беремін деу бір жақты болып қалмай ма деген ой. Мені кейде жас қаламгерлердің өздерін ұстауы таңғалдырады. Бір, екі ағалары мақтаса, өздерін классик сезіне бастайды. Жазғандары бес-алты әңгіме. Ішкі ұстаным жоқ. Жеке пікірі жоқ. Әрине ағаларының алдында өздерін өте қарапайым ұстауы мүмкін. Бірақ жастардың ортасында «әулие» болады. Сіздің ойыңызша қаламгер боламын дейтін адам өзін қалай ұстауы керек? Қазіргі уақытта ақынсың ба, жазушысың ба бәрібір. Бәрі өзіңүшін..
– Меніңше, жазушы мұғалім немесе саясаткер емес. Оқырманның эстетикалық талғамын қалыптастыруы, оқырманның ұлттық рухын күшейтуі, оқырманды адастыруы немесе бұзылуға итермелеуі, көркемдікке деген құштарлығын оятуы, суреткерлігіне, өресіне, таным-түсінігіне, ұстанған бағытына байланысты. Ең бастысы, әдебиет белгілі бір идеологияға бағынбауы керек.

Ал, жас қаламгерлермен көп араласпаймын. Өйткені, кәрі қаламгерлерді, өмірден өтіп кеткендерді әлі толық танып білгем жоқ. Негізі, жазам деген адам даңғаза ортада уақыт жоғалтқаннан гөрі ізденгені жөн шығар. Өзімнің көп уақытым бекер өтіп кеткен соң, «Сол жерде дарылдап отырғанша неге кітап оқымадым екен» деп ойлаймын кейде. Кейде ғана. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» өлең жазып тастаса да тоқмейілсімеген ақын-жазушыдан бір із қалары анық.

"Политика слишком серьезное дело, чтобы доверять ее политикам" депті Шарль де Голь. Осы әдебиетті кімге тапсыру керек. Ақынмын, жазушымын дегендер өздерінің айтуынша ғана солай . Уақыт-төрешінің алдында нақ солай ма, жоқ па кім біледі? Әдебиетпен айналысу үшін адамға қандай күш, қасиет керек?

– Әдебиетті әдебиетпен ауыратындарға аманаттау керек. Д.Досжанның «Жазбасам отыра алмаймын» дейтіні бар еді ғой. Сол кісі айтқандай жазбаса ауырып қалатындардың бір шығармасы болмаса да бір шығармасы ғажайып болады. Ең бастысы, әдебиетпен айналысу үшін әдебиетті сүю керек. Жазудан ләззат алу керек. Жанкештілік, адалдық, тәртіп керек.

Прустің 4-5 сұрағы бар еді соған жауап берсеңіз. Әйелдердің бойындағы қай қасиетті ерекше бағалайсыз?

– Әйелдің қылықты болғаны жақсы.

Белгілі адамдардың қайсысы болғыңыз келеді?

– Ешкім болғым келмейді. Өйткені, ол үшін кәдімгідей еңбектену керек.

Бақыт туралы арманыңыз?

– Мол қаржым болса бақытты өзім жасай алам деп ойлаймын.

Дәл қазіргі көңіл-күйіңіз?
– Қазір кімге тисерімді білмей ерігіп отырмын. Себебі, көңіл-күйім өте жақсы!

– Маған тиіспесеңіз болды. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары