$ 494.87  520.65  4.91

Жасын бейнесіне жасырынған Асқар

«Анна Каренина кім?» деп сұрағанда, Лев Толстой сезімін, қиялын, парасаты мен шеберлігін, қоғамға артар кінәсін, заманға жүктер сөзін Аннаның бойына жинақтағанын айтады.

Көркем образ – өмірдің көшірме көрінісі емес, типтендірілген, түйінделген жиынтық көрінісі. Шығарма кейіпкерлері типті және тікелей бейнелер негізінде сомдалатыны аян. Әдебиеттегі прототип деген дүниенің өзі типті бейнеден гөрі, тікелей жасалатын бейнеге жақынырақ. Жаңа шығарманың ішіндегі әлдеқандай кейіпкердің жекелеген мінезінен, ісінен, сөзінен, жалпы өзінен жақын жандарды жазбай тануға, шырамытуға, тұспалдауға әбден болады. Біз сөз еткелі отырған жазушы Дулат Исабековтің «Қарғын» романындағы басты бейне – Жасын кім? Бұл кімнің прототипі? Исабековтің өзі ме, өзге бір жазушы ма? «Күлкісі де, жанары да салқын екен. Тура қараған адамның өңменінен суық жанары жуалдыздай тесіп өтетін секілді. Ашаң тұлғасында ешкімге бас имеген паңдық, тәкәппарлық пен ойлылық бір сәтке жалт еткендей болды», «Жас қыз Жасынның ойы тасқындаған сөздерінің жалпы мағынасын анық аңғарғанымен, жекелеген сөйлемдеріндегі тарам-тарам мәніне тереңдей алмады. Әйтсе де ол қарсы алдында отырған маңдайы ашаң жігіттің телегей-теңіз білім мен биік парасат иесі екенін, жебедей өткір, сүңгідей салқын жанары жақынды емес, бүгіні мен ертеңі үшін қайыспайтынын аңғарды», «Жас қыз өн бойынан салқындық қана есіп тұратын, өзгемен ғана емес, өзімен де қарама-қайшы осы адамды неге, не үшін жақсы көретінін де әзірге білмеуші еді. Осы бір адамға құлай сенетін сияқты, қатты болса да, кей сәтте қатігез болса да, оның бәрінің ар жағында адалдық, биік парасат, жақсыны қастерлей білетін қасиет жатқанын көретін», бұл аз болса Бағила екеуі арасындағы Ахалтеке жылқысы туралы әңгіме, қалыпқа сыймайтын, әдепкі түсінікпен үйлеспейтін кесек ойлар бүгінде қаламгер құрдастары еске алғанда айтатын... Асқар Сүлейменовтің мінезі мен бейнесін көз алдыңа әкеледі. Шығармадағы жазушы Жасынның Асқар екені рас па?

Дулат ағамыздың өзінен сұрадық. Екі иығын қомдап алып, сөйлеп кетті: – «Қарғынды» бастап жазған кезде дәл Асқарды прототип етіп алайын деп ойлағам жоқ. Жалпы, мен «Қарғынды» неге жаздым? Бұл шығарма мені жазушы ретінде әбден қинаған, шиыршықталып, шымбайыма бата бергеннен кейін қолыма қалам алдырған дүние еді. Біз, жазушылар, өндіріс дедік, шаруашылық дедік, әйтеуір сол кезде партияның идеологиясына байланысты отыра салып жазып тастайтын дүниелер де, маусымдық тақырыптардан малтығып шыға алмайтын жазушылар да көбейіп бара жатты. Ақындар тіпті көп.  «Ленин – біздің бабамыз, Ленин – біздің данамыз», деп қарайған жұртты иықпен қағып, алдына түстік. Ал Ленинді қазақтан басқа «баба» деген бір ұлт жоқ. Біздің жазушыларымыз мақтаудың құлы болып, бұл өзі жалпы Кеңестер Одағы бойынша партияны мақтаудың, партия қайраткерлерін, қоғамның жетістіктерін сыпыра мақтаудың бел алып, бет қаратпай тұрған кезі болатын. Олардың шығармалары ой жағынан ойсырап жатқанымен, қөлем жағынан көл-көсір болып келетін. Жазылып жатқан шығармалардың кейбірі орыс әдебиетімен салыстырғанда өте арзанқол, тұрпайы, тіпті анайы болатын. Осындай белсенділік мені қатты ойландыра бастады. «Жазушының өмірдегі орны қандай болуы керек? Ол жазу үстеліне не мақсатпен отырады? Нені қалай жазу керек? Біреуді мадақтағанда, біреу туралы жазғанда, жырлағанда дәл осылай аспандату қажет пе?» Осы сауалдар іштей мүжіп, жазушы деген адамның өмірдегі бейнесі, қоғамдағы орны деген сауалдар төңірегінде іштей толғанысқа түсіп жүрген шағым еді бұл. Жазушы қоғамның басқа мүшелерінен – ғалымдардан да, суретшілерден де, саясаткерлерден де ерекше. Шығарманы жазуда тіпті оның есімінің ерекше болуын қалап, Жасын деген атты таңдадым. Ол – ерекше жаралған жан. Бұған табиғат ерекше дарын берген. Бойына біткен дарынын ізденіп, оқып, салыстырып, толықтырып, дамыта білген. Және бәріне өз көзқарасы бар, өзінің сын-пікірі бар, биік интеллектуалды, биік парасатты адам болуы қажет. Алдыма, міне, осындай мақсат қойдым. Асқармен бірге көп жүрдім. Білім дәрежесіне, интеллектуалдық деңгейіне бір мысқал шек келтірген емес. Тіпті коньяктан ұрттап алса да, ол ешқашан ойынан жаңылыспайтын, кез келген шығарманың бір әрпінен мүлт кетпейтін, әлем әдебиеті, әлем кинематографиясы, әлем театрлары, ондағы белгілі режиссерлар мен драматургтер, әйгілі актерлер, таңдаулы шығармалардың көркемдік деңгейі, идеясы, ондағы кейіпкерлердің аттарын бүгінгі компьютеріңнен кем білмейтін. Кез келген отырыстарда, әдебиетшілердің басы қосыла қалған әдемі ортада туындап қалатын, айтыла салатын, тап сол сәтке байланысты сол шығармалардан үзінді мысал келтіре салатындығы, әдебиет пен өмірді астастырып, үнемі байланыста ұстайтындығы оны бәрінен ерекше,бөлекше етіп көрсетіп тұратын. Ондай биік талғамды басқа біреудің бойынан көру де қиын еді. Асқармен етене жақын араласқаннан кейін шығар, оның бейнесі, мінезі санама әбден сіңіп, берік орнығып алған екен. Романның ортасына жеткенде, жазып отырған жазушы Жасынымның Асқарға ұқсайтынын, тіпті нақ Асқардың өзі екенін бір-ақ аңдадым...

Роман бір ай ғана жазылды. Бұл 1979 жыл болатын. Шығарманы аяқтап  болған соң оқып шығуға бірден Асқардың өзіне бердім. Ертеңінде Асқар: «Слушай, детектив оқып шыққандай болдым»,– деді.

Дулат аға өткенді осылай еске алды. Шығарма 1980 жылы жарыққа шығады. Әдеби орта Жасынның бейнесінен Асқар Сүлейменовті бірден таниды. Тек қаламгерлердің ортасы ғана емес, былайғы жұрт та шығармадан Асқар келбетін шырамытады. Шығарма қолдан-қолға өтіп, Асқар Сүлейменовті іздеп келетіндер көбейіп, онысымен қоймай: «Жасын деген сен ғой?» деп мойындатуға дейін тырысып, танығандарына масаттанып кетеді екен. Жоғарғы оқу орындарының аудиторияларында, кітапханаларда студенттер, басқа да жастар, әдебиетсүйер қауым арасында «Қарғын» романы қызу талқыланып, Дулат Исабеков  бораған хаттың астында қалады. Тіпті Оңтүстік Қазақстан облысының педагогикалық институтының студенттері «Қарғын» романының жалғасын жазуды, Жасынның бейнесін тереңдете түсуіңізді талап етеміз»деп, өктемдеу өтініштерін де айтады. Сонау Қырымда демалып жатқан Әзілхан Нұршайықов: «Дулат, осында демалысқа келіп едім, романың қолыма тиді, оқып шықтым. Меніңше, бұл шығарманың жалғасы міндетті түрде болуы тиіс» деп хат жолдайды.

«Қарғын» романы арқылы жазушының қазақ әдебиетіндегі жауапсыздық, талғамсыздық көріністеріне жауап қайтарғысы келген ойы, өзінше талпынған әрекеті тым нәтижесіз қалмады – роман оқырман назарын өзіне бірден аударды, сонымен бірге ел білетін, жұрт танитын белгілі жазушының прототипке айналуы да сирек болатын жағдай еді. Олақ шығарма жазған жас жігіттерді жөргегінде жүндеу жеңілірек, әжептәуір аты бар жазушыларды сын тезіне алып, теперіш көрсете беру қиындау. Сондай шақта саны көп болғанымен, сапасын сөз етуге жүрек дауаламайтын шығармаларға Дулат Исабеков Жасын бейнесіне жасырынған Асқар Сүлейменов арқылы соққы беруін азаматтық та, қаламгерлік те парызы санаған сияқты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары