$ 498.34  519.72  4.85

«Құлыншақ пен бөлтірік»: көрермен көзімен

«Ата-анаға көз қуаныш, Алдына алған еркесі» - дейді дана Абай атамыз.  Баласын әділетшіл, адал азамат қылып тәрбиелеу –  әр ата-ананың арманы.  Сол арман жолында, баламызды «ана өнерді де меңгерсе екен, мына өнерді де игерсе екен» - дейміз. Яғни, баланы «отқа да саламыз, суға да саламыз». Осындай «ұлы сүргінде» жүріп ұл-қызымыздың қалай есейіп кеткенін байқамай да қаламыз. Бізге қазіргі сүргін тірлікте бүлдіршініміздің ең  бақытты сәтін өткізіп алу қаупі төнгендей. Бүгін бізге баланы ерте есейтуге ұмтылу емес, баламен бала болуды үйрену қажет сияқты. Алматы қуыршақ театры репертуарын қарап отырып кез келген ата-анаға бала мен бала болудың жақсы мүмкіндігі берілгенін көресіз.  Режиссер Р.Жаныамановтың саханалауымен көрерменге жол тартқан Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегісінің тәрбиелік мағынасы зор. Жер бетіндегі жаратылыс атаулының арасында достық атты ұлы  сезімнің салтанат құра алатынын көрсететін ертегі бүлдіршіндерді бірден өзінің көңілді әлеміне жетелейді.

Қатар отырған кішкентай көрермен  спектакль біте сала ерекше шабытпен өз сезімін жеткізіп жатыр. «Мен қасқырлардың бастығы болар едім»-дейді. Жылқылардың мейірімді образын әртістер қаншалықты нанымды суреттесе де, баланың  атқақтап тұрған арғымақтарға емес, ауызбірлігінен айырылған қасқырларға қызығып тұрғаны елең еткізді. «Қасқыр киелі жануар. Ол тышқан жемейді!». «Жей береді! Аш болсаң сенде бәрін жейсің. Мен жылқыларды да, қасқырды да жақсы көрем. Екеуі де мықты». «Онда неге олар құлыншақты жемеді? Бәрі аш қой, жылқылардан ұялды дейсің бе?», «Жылқылар келіп төбелесті ғой, әрі бөлтірік құтқарып қалды», «Достық жеңді. Мен достыққа сенем». «Қасқырлар мен жылқылар қашан дос болғанын көрдің?!», «Бұл ертегі ғой. Ертегіде бәрі болады». Кішкентай көрермендер дауласып, дабырласқан күйі шығып барады.

Қиял-ғажайып ертегілер халық арманын қиял ғажайып бейнедегі кейіпкерлер арқылы береді. Ендеше, бала көрермен қиял-ғажайыптың түпкі мақсатын түсінгендей. Сәтсіз аяқталатын ертегі жоқ. Бәрі әділеттің, адалдықтың, достықтың, махаббаттың салтанат құруымен бітеді.  Бұл тұрғыдағы Ұлы Достықтың жеңіске жетіп, өмір бойы бір-біріне қастасып келе жатқан екі тараптың ортақ мәмілеге келуі ертегінің мұратын орындады. Жаңа буын, жаңа заман, жаңа ұрпақтың өмір салты өзгерген. Олар әлемді достық, махаббат, әділет, сенім арқылы әдемі сүруге болатынын осындай қарама-қайшылықтар арқылы  түсінеді. Балалардың әлемі театрдың шығармашылық ұжымы үшін таусылмайтын тақырып...

Шолпан Құрманбай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары