«Рухани жаңғыру» – бұл ең алдымен өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімдерін оятып, оларды ұлтжанды етіп тәрбиелеу. Жастардың санасы жаңғырған кезде ғана Қазақстан болашақта экономикасы дамыған өркениетті елдердің отыздығына кіре алады. Сондықтан, қоғамдық сананы жаңғыртуды Мемлекет басшысы ең алдымен жастардан бастау керектігін бірнеше рет айтқан болатын.
Осындай рухани-патриоттық шаралардың бірі Тараз қаласында өз мәресіне жетті. Қазақ әдебиетіне, соның ішінде проза жанрына елеулі үлесін қосқан жазушы, қазақ классиктерінің соңғы тұяғы Шерхан Мұртазаның шығармаларын жатқа айтудан өткен облыстық байқау қорытындыланып, жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Айтулы әдеби байқау өңірде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Талаптың тұлпарын тақымдаған өрендер Шерхан оқуларына ерекше құлшыныс танытқан. Аудандық, қалалық деңгейде жүзден жүйрік шыққандар ақтық кезеңге жиылды.Мақсат біреу - алатаудай асқаралы, Қаратаудай қазыналы тұлғаны жас ұрпақ жадында жаңғырту.
«Қазір рухани жаңғыру идеясы туралы күніге айтып жүрміз ғой. Оны әркім өзінше жүзеге асыруға тырысады. Ал, біз руханиятымызды, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үшін жыл сайын Шерхан оқуларын өткізіп келеміз. Мұндағы мақсат – ұлттық құндылықтарды, тілді, ділді, дәстүрді жастардың санасына сіңіру», - дейді ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов.
Облыстық додаға аудан-қалалардан 120 оқушы жеткен. Байқау 4 бағытта өтті: талапкерлер Шераға туындыларын талдады, жатқа айтты, ғылыми жобаларын таныстырды және тау тұлғаға өлеңдерін арнады.
4 бағыттан сынға түскен 120 үміткердің оза шапқан он екісі тест тапсырды. Белсенді ұстаздар мен үздік нәтиже көрсеткен 24 оқушыға сый-сияпат тапсырылды.
Ал, жүзден жүйрік шыққан Назерке Қыдырбек «ректор грантын» иеленді. Енді ол мектептегі оқуын бітірген соң ТИГУ-де 4 жыл бойы тегін білім ала алады. Ал, тағы 2 оқушы жоғарғы аталған оқу ордасында жеңілдікпен оқуға мүмкіндік алды.
Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Ол — жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы.
Шерағаң әр заманда «Жалын» альманахын, «Жұлдыз» журналын, «Қазақ әдебиеті» мен «Егемен Қазақстан» газеттерін, «Қазақстан» мемлекеттік телерадио кешенін бақарды. Сонымен қатар, ҚазКСР Халық депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған.