Табиғат баршасын бірдей етіп жаратса да, танымал адамдардың бойынан ерекше қасиет, бөлекше мінез байқап жатсақ, таңдай қағып таңырқап жатамыз… Мүмкін, олар ел алдында жүрген белгілі адамдар болғандықтан ерекше қасиет іздеуіміз заңды да болар. Асылында, ол да адам, адам болған соң әр нәрсені ермек етеді, ол үшін айырықша қасиет те, өткір мінез де, елден ерек жаратылыс иесі болуы да шарт емес.
Алайда «Егер адам талант болса, ол барлық жағынан талантты» деген сөз тегін айтылмаса керек. М.Әуезов атындағы академиялық драма театр актерлерінің әмбебаптығы әр-әр жерде көрініп қалып жүреді. Жұрттың бәрі соңына шам алып түсіп іздеп, таппай қоймайтын, тауып алса тап сондай қырын айтқызбай тынбайтын басында алты емес, жеті өнерге дейін жетіп-артылатын таланттар бұл театрда жетерлік. Мұнда әуелетіп ән салу да, буын-буынды былқылдатып билеу де, дүйім елді аузына қаратқан асабалық та, сахнада сартылдатып сайысып, спортпен айналысу да өнер болып саналмайды. Өйткені екінің бірі бұдан қаражаяу қалмаған.
АлАсанәлі Әшімұлының, Құман Тастанбековтің, Саят Мерекеұлының талайды таңдай қақтырған танымал тастаяқ шеберлері екенін тізбелеп, таратып айтпай-ақ қояйық. Онсыз да белгілі. Бірақ талай сұлуды ойнап, таңдай қақтырған, бүгінде жетпістің биігінен көрініп отырған Торғын Тасыбекова апамыздың жас күнінде 3-разрядты волейболшы болғанын, көркем гимнастикамен айналысқанын екінің бірі біле бермес. 80-ге келіп қалған Нүкетай Мышбаева апайымыздың аптап ыстық, аязды күнге қарамай ішкі және сыртқы үйлесімділік үшін әлі күнге суық су құйынатын батылдығын айтпағанымыз әбестік болар. Дайын көлік тұрса да, денсаулығы үшін жаяу жүргенді дұрыс көреді.
Жә, мұны қойыңызшы, мысалы, театр актрисасы ғана емес, кинода да жұмбаққа толы жанарымен есте қалатын Шынар Асқарованың артистіктен бөлек, ауыр атлетикамен де айналысқанынан хабарыңыз бар ма? Ия, ия, спортты сүйетін отбасында тәрбиеленгендіктен, өзінен екі жас үлкен ағасы ауыр снаряд, гир көтерумен айналысқандықтан, Шынар да бір көзін осы өнерге салып өсіпті. Кеңестік кездегі теледидардан таңғы сағат 6-да берілетін «Начинаем утреннюю зарядку. И раз, и два» деген таңғы жаттығу болушы еді ғой, осыны Шынар тәтті ұйқысын қиып тұрып, ерінбей жасап өскен. Жүгіруден де алдына жан салмаған. Студент кезінде бос жүруді бойына ар санаған болашақ актриса жатақхананың жертөлесіндегі ауыр атлетика секциясына барып қатысады. Ауыр гирлерді көтеріп, көрсеткіштері де тәуір болып, жаттығып жүргенінде жаттықтырушысы келіп: «не өнерді, не зілтемірді, тек екінің бірін ғана таңдауға, ақылына құлақ салса, дәл жатақхана іргесінен ашылып жатқан у-шуға баруға» кеңес береді. Сөйтіп зілтемірші Шынар у-шуға шу-у-у деп тартып кетеді. Айтпақшы, ол бұл спорттың пайдасын да көріпті. Үш-төрт жыл бұрын театрдағы жігіттер 8 наурызда қыздар арасында амреслинг жарысын ұйымдастырғанда, Шынар Асанәлі ағасы тіккен ақшалай сыйды құрбыларының бірде-бірін өзіне тең келтірместен жеңіп алған екен. Актриса Зәуре Көпжасарова да ілгеріректе желмен жарысқан жүйріктің өзі болыпты. Бұл аз болса, ауыздығымен алысқан асауды тақымына қылбұрау салып тұрып үйрететін, соғымға жылқы байлайтын өнері тағы бар. Марқұм әжесі палуандармен күресіп, алып ұрып, жігіт біткенді жерге қарататын жүректілігінен бөлек, түйемен жарысқан желаяқтың өзі болыпты, «соның қасиеті сенде қалған» деп отырады екен үй ішіндегілер. Зәуре де күні бүгінге дейін әлдекімге ашуланса, ренжісе, іштегі қыжыл-өкпесін шығару үшін әлденеше айналым жүгіріп келетін көрінеді. Ал қазысы жеңді білектей болып жарылып түсетін жылқыны баптаудағы Зәуренің «рецепті» тіпті бөлек, ол байлаған соғымның ерекше тіл үйіретінін ауылдастары әлі күнге тамсанып айтатыны бар.
Ал театр актері Жұмағали Махановтың қамшы өретін өнерін әріптесі Бекжан Тұрыс аузының суы құрып тұрып әңгімелейді. Өзінен сұрағанымызда, «Бұрыннан бар өнер ғой. Қайтейін енді, баяғыда «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі алғаш сахнаға шыққанда дүкеннің қамшылары шыдамай, көрерменнің көз алдында шарт-шарт сына берді. Реквизит жасайтын жігіттердің өрген қамшысы да әлсіздеу болып, шыдас бермеді, амал жоқ, спектакльге жаным ашып, сондағы сегіз жігітке арнап 8 қамшы өрдім. Солар әлі күнге дейін бар. Қамшыдан шартылдаған дыбыс шығу үшін өрілуі де бөлек болады. Ал анау дүкен мен базардың күші де, тілі де жоқ дермантин қамшысынан еш қайыр жоқ» деп бір қайырды. Бекжан ағамыз әріптесінің қарапайымдылығына күйіп кеткендей жанұшыра басқа да қасиеттерін айтып тауыса алмай жатыр: «Білесіз бе, бұлар тұқымымен мықты футболшылар. Шындап айналысса, «Қайратыңның» шашасына шаң жұқтырмаған кез келген мықты аяқдопшысынан айласын асыра алады. Футбол деймін-ау, үстел теннисін ойнағандағы шеберлігін айтсаңшы! Кез келген мықтың мұның жанында жіп есе алмай қалады! Түуу, тастаяқ ойнағанда кім теңесе алар екен?» Ал режиссер Әубәкір Рахимов атақты Бексейіт Түлкиевпен бірге у-шу өнерімен жаттыққан. Тіпті ол кісінің сиқыршылық өнері де бар көрінеді. «Спектакльге қажет болып жатса, актерлерге бір-екі сиқырды өзі-ақ үйретіп бере алады»,- дейді қарашағырақтағылар.
Жоламан Әмір каратэмен айналысып, ешбір аурухана маңына жолатпаған кезде, Желтоқсанның жарасын осы спортпен өзі-ақ емдеп, жазып алған. Ермек Бектас та күрес, дзюдо, теннисті қатар алып жүрген актер. 2011 жылы театр ішінде ұйымдастырылған кубокты жеңіп алып, 100 мың теңге мен музыкалық аппаратураларды иеленген. Жалпы, Әуезов театрының қай-қай артисінің де бойында бұғып жатқан бір-бір өнер баршылық.
Дайындаған Мәдина Алиакбарова