Халық жазушысы, сөз сүлейі, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Зейнолла Қабдоловтың туғанына 90 жыл. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында зиялы қауым, оқырмандары мен өнер жанашырлары ұлт руханиятының көрнекті кайраткерін еске алды.
Тұтас ғұмырын қазақ әдебиетінің кемелденуіне арнаған әдебиет зерттеушісінің көптеген шығарма, әңгіме-очерктері жарық көрген. «Сөнбейтін от» драмасы еліміздің театр сахналарында қойылған. Еліміздегі ғылым мен білімнің бірден-бір қарашаңырағы - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде жарты ғасырдан астам ұлы Әуезов дәстүрін сәтімен мықтап жалғастырып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген.
«Қазақ халқы, әдебиет сүйер қауым талантты қаламгер әдебиеттану ғылымының дамуына орасан зор, өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым ұстаз ретінде жақсы біледі. Зейнолла Қабдолов қазақ әдебиетінде сұлу сөздің шебер өрнегін кестелеген сөз зергері. Оның жаңа ғана айтылып өткендей «Өмір ұшқыны», «Біз жанбасақ», «Адам», «Сыр», «Жебе» атты еңбектері соның айғағы», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.
«Қазақтың руханиятына келіп үлкен арна болып қосылған қазақтың өзін өзіне танытқан жаңа буынның маңдай алды өкілі осы Зекең болатын. Зекең деген кезде біздің есімізге мынау біздің Алаштың 100 жылдығы ғой сол Алаш дейтін ұғым қоса түседі», - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, Нұрлан Оразалин.
Қабдолов Зейнолла — жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Ол 1927 жылы Атырау облысында дүниеге келіп, 2006 жылы Алматыда қайтыс болды.
Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды.