$ 494.87  520.65  4.91

Ернар Айдар өзін «той әншісі» деп сынаған Роза Рымбаеваға жауап берді

Өткен аптада журналистердің басы қосылған жиында Халық артисі Роза Рымбаева әнші Ернар Айдарды қатал сынға алған болатын. Еліміздің атынан “Славян базары” байқауына қатысқан әнші Әміре (шын есімі Ернар) туралы сөз қозғаған Роза Қуанышқызы оны хитмен әнші Ернар Айдармен салыстырып, екеуінің деңгейі екі бөлек екенін атап өткен деп жазады Stan.kz.

Тіпті, көптің сүйіктісі Ернарды “өзбек әндерін аударып айтып жүрген той әншісіне” теңеген Роза Қуанышқызының сөзі жұрттың қызу талқысына түсті. Бұл орайда Ернар Айдардың өзі 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұхбатында Халық артисінің сынынан хабардар екенін айтты.

Бір қызығы, кейбіреулер таяу күндері Астанада үлкен концерт берген Ернарды аталған оқиғаны “пиар” үшін алдын ала ұйымдастырған деп те ойлапты.

“Роза Қуанышқызы әпкеміздің мен туралы айтқанын көрдім. Бірақ менің оған ешқандай қатысым жоқ. Менің айтқанымды істей салатын Роза әпкеміз де ондай кісі емес. Өзі бұйырғаны болады, мені сүйетін болса, менің нағыз тыңдармандарым болса, келеді. Мен ол жағынан емес, ән жағынан, би билеу жағынан сонша жыл дайындаласың… Би билеу де оңай емес, мысалы”, – дейді әнші.

Халық артисінің сөзіне барынша жұмсақ жауап беруге тырысқан Ернар:

“Мүмкін Роза әпкеміздікі де дұрыс шығар, ол жағын халық шешер”, – деп қысқа қайырды. Десе де әншінің көңіл-күйі түсіп кеткені байқалып тұрды. Бұл орайда журналист Анна Данченко: “Мүмкін бұл оқиғаны журналистер немесе тағы басқа адамдар тапсырыспен жасап отырған шығар? Арнайы сондай жауап алу үшін қойылған сұрақ шығар?” – деп сұрады. Оған Ернар Айдар:

“Мүмкін, жаман нәрсе ойлаудан аулақпын. Бірақ аққа Құдай жақ дейді ғой. Осы уақытқа дейін аяқтан шалғандар болды. Бұдан да үлкен кедергілер болды, сол кезде оған ешқандай қараған жоқпыз. Қарауға да уақыт болған жоқ. Себебі өз жұмысын сүйген адам анау-мынауға қарамайды. Ол жыртық-жыртық джинсымен тұрса да, барымен халықтың көңілін аулауға тырысады. Менің мақсатым бөлек. Сол мақсатқа жету үшін, анау-мынауға көңіл бөлуге уақыт жоқ. Бірақ ондай жоқ деп ойлаймын. Себебі біреуге пайдам тимесе де, зиянымды тигізбеуге тырысамын. Сол үшін мені қолдаушы халыққа алғысымды айтамын. Мүмкін маған бір кедергілер болса, уақытымен оның бәрі орнына келеді”, – деп жауап берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары