16.07.2018, 11:09

Сиань тұрғындары «Алтын адамды» тамашалады

12 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыру аясында Сиань қаласының тұрғындарына Еуразия көшпенділерінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрмені ұсынды.

«Егер Қытайдың соңғы 10 жылдағы тарихы туралы білгің келсе Шеньчженьді көр, соңғы мың жылда не болғанын білгің келсе Бейжіңге бар, ал, көне тарихқа бойлағың келсе Сианьде бол» деген Қытай халқының дана сөзі бар. Яғни, аталған көрменің Сиань қаласында өтуі кездейсоқтық емес.

Мәдени шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қытайдағы Қазақстанның Төтенше және уәкілетті елшісі Шухрат Нұрышев қатысып, сөз сөйледі.

«Қазақстанның Ұлттық музейі сақ дәуірінен сақталып қалған және бүгінде Қазақстанның брендіне айналған аса құнды жәдігерді – Алтын адамды алып келіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласы аясында осынау құнды жәдігеріміз әлемнің барлық құрлығында болып қайтады. Ал, бүгінгі шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығына орайластырылып отыр. Қазақстан мен Қытай тарихи көршілер және Ұлы Жібек жолының қайта жандануына бірге күш салып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аса жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Айта кетук керек, Алтын адам жәдігері Қытайға осымен екінші рет келіп отыр. Ол 2013 жылы Бейжің Ұлттық музейінде көрмеге қойылып, жергілікті тұрғындарды бір таң қалдырған болатын. Бұл бастама жалғасын тапқанына қуаныштымын. Сіздер осынау тарихи деректермен таныса отырып, Ұлы Даланың рухын сезіне аласыздар, қазақ халқының тарихымен таныса аласыздар», - деп атап өтті Қазақстан елшісі.

Ал, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин Алтын адамның бүгінге дейін бірнеше елді аралап келгенін айтты.

«Біздің жоба аса ірі және халықаралық деңгейдегі шара болып табылады. Алтын адамның көрмесі бүгінге дейін Белоруссия, Ресей және Әзірбайжан музейллерінде қойылды. Енді жыл соңына дейін Польша мен Оңтүстік Корея халқының назарына ұсынбақпыз. Сонау көне заманнан-ақ халықтар ұлтына, тіліне, дініне қарамастан ортақ құндылықтар іздеді, түрлі кедергілерге қарамастан бір-бірімен байланыста болғысы келген. Осы адамдарды бір-біріне жақындатқан, байланыстырған негізгі құралдың бірі – Ұлы Жібек жолы. Ол біздердің жерімізді кесіп өтіп, рухани, мәдени және сауда-саттық байланыста болуымызға жағдай жасады. Қазіргі заманда халықтарды біріктіретін басты құндылық – мәдениет боп қалып отыр. Бүгінгі көрменің негізгі мақсаты да осы», - деді Абай Сатыбалдин.

Экспозицияланатын коллекция тізімінде XV ғасырдың (Оңтүстік Қазақстанның Сайрам қалашығы) басына тән деп белгіленген зергерлік өнердің бірегей туындылары, сол сияқты Орталық Қазақстандағы Талды–ІІ қорғанынан табылған жәдігерлер де (ж.с.д. VII ғ. ортасы және 2-жартысы) бар.