$ 494.87  520.65  4.91

"Саған қанша ақша төлеуім керек?": Салтанат Бақаева ақын қызды татуласуға шақырды

Белгілі әнші Салтанат Бақаева қаламақысын бермей қойған ақын Назерке Семейді татуласуға шақырды. Өз сөзінде ол осы уақытқа дейін ешкімнің ала жібін аттамағанын айтып, көпшіліктің алдында ақталды.

"Басқа басқа, дәл мен біреудің ақысын жеу былай тұрсын өз ақымды ала алмай қалатын кездерім болады. “Әгугай, құрбым” деген әнді бір-ақ күнде Шырын атты құрбыма арнап шығартқанмын. Ол кезде бүгінгідей хит боларын мен де, сазгер де білгеніміз жоқ. Ерхан атты бұрыннан сыйластығымыз түзу сазгер жігітке ойымды айтып ем, сөзге келмей бір түнде жазып берді. Рахмет. Әнге ақша алмады. Сөзін сол Ерхан Назерке деген ақын қызға жаздыратынын, «ол қыз тегін мәтін жазып беретін болды» деді. Мен қуанып, алғысымды айтып кеттім. Отбасылық жағдайыма байланысты үйде баламен отырдым да, ән енді ғана хитке айнала бастады. Әнге бейнебаян түсірдім. Авторларын жүрген жерімде айтып, жаздырып жүрдім. Бұл ән шыққалы екі жыл. Арада бір жыл өткенде Назеркемен тағы да шығармашылық байланыс орнатпақ ниетпен “Әдемі-ай” деген әніме сөз жазып берсе деп хабарластым. “Әдемі-ай, әдемі-ай” деген тақырып ең алғаш сазгер Ерханның аузынан шыққан. Маған әнді таныстырып, айтып беріп жатқан кезде еді. Назерке бұл жолы мәтін жазуға 50 мың теңге сұрады. Ол дұрыс та. Ақысы бар. Бірақ менің дәл сол сәтте бүгінгідей тойым да, кірісім де жоқ еді. «20 мың теңге берейінші», – дедім. Ол келіспеді. Әңгіме осымен тәмам. Ары қарай Дулат деген ақынға сол ақшаға “Әдемі-айдың” сөзін жаздырдым. Көңілдегідей шықты», – деп жазды Салтанат Instagram-парақшасында.

Әншінің айтуынша, ақын қыз тек өзімен ғана емес, басқа да адамдармен дауласып жүр екен. Сол себептен дауласуды қисынсыз көрген Салтанат Назеркені татуласуға шақырды. Сондай-ақ, әнінің қаламақысын төлейтінін мәлім етті.

«Арадан біраз жыл өткен соң ол: «Неге сіз ән хит болған соң маған хабарласып «рахмет» айтпайсыз?», «Неге 50 мыңды төлемей, басқаға жаздырдыңыз?» – деп, қисынсыз мынадай жанжал шығарды. Естуімше, Павлодар қаласындағы бір би ансамблімен де осылай соттасып жатыр екен. Әйтпесе осыдан жарты жыл бұрын тағы да сол Ерхан (сазгер) арқылы “Әгугай” әнінің минусын сұратыпты. Сөзге келмей бердім. Өзіме неге шықпады? Осы дауды жасамас бұрын: «Салтанат әпке, баяғы тегін жазып берген әніме мынанша ақша төлеңіз, төлемесеңіз жазамын, болмаса сотқа беремін…», – деп айтпайды? Мен «не жасасаң оны жаса» десем, әңгіме басқа. Мен – әншіден бұрын анамын. Үмітім бар. Осыған дейін ешкімге опасыздық жасағам жоқ, жасамаймын да. Үш баладан соң шыны керек енді ғана ес жиып, жан-жағыма қарай бастадым. Жолымыз тоғысып жатса, алғысымды да айтар едім, маңдайыңнан сүйіп ұзатар едім. Бір әпкең болып жүрер едім. Сөз соңында айтарым, әлі де болса мына тартысты тоқтатып, татуласайық. Бұл бәрібір жас адамдарға жақсы қасиет емес. Ән хит болса, сазгердің де, менің де, сенің де үлесің бар. Ешкіммен ұрысып, таласуды мүлдем ұнатпаймын. Мен саған қанша ақша төлеуім керек, баяғыда өзің тегін жазып берген “Әгугай, құрбым” әнінің сөзі үшін? Болды, осыны айтшы, Назерке. Қазақтың екі қызы қырқысқаннан пайда жоқ. Ал өзге адамдарға әңгіме, сөз, ермек керек. Мен әлі ешнәрсе түсінбедім, шыны керек… Бірақ, пәле іздеп арыға барғым жоқ», – деп сөзін аяқтады әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары