ҚР-ның Халық әртісі Роза Рымбаева өміріндегі ең үлкен өкініші және қайғысымен бөлісті. Бұл жөнінде әнші «Айқын» газетіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.
Айтуынша, әнші күйеуі Тасқын Оқапов қайтыс болып кеткеннен кейін барлық ауыртпалықты өзіне алған. Екі ұлын аяғынан тұрғызу үшін жатпай-тұрмай еңбек еткен етіпті.
«Ең үлкен өкінішім – Тасқынның өмірден ерте кеткені. Ұлдары көбірек іздейді. Ұлдарының жігіт болғанын көрмегені – жанымды ауыртады. Қанша қиындық көрдім, қажымай-талмай еңбек еттім. Сол қиындықтың бәрінен өту керек болды. Алла да сүйген құлына сынақ береді екен. Бұл да маған берілген сынақ шығар», – дейді Роза Рымбаева.
Сондай-ақ, әнші өзінің өзге әріптестері секілді тоймен күн көріп отырмағанын жеткізді.
«Ал концерттік сахна – ең киелі дүние. Той-томалаққа құрметтеп шақырса ғана барамын. Тоймен күн көріп жүрген әнші емеспін. Менің өнерімді жоғары бағалаған той иесі сол өнерім үшін ғана шақырады. Қиындық көрдім деп жасымаймын. Асып-кеттім деп те тасымаймын. Екі ұл тұрғанда әлі талай еңбек етуім керек. Солар үшін тырысамын, талпынамын. Болдым-толдым деген әртіс сонымен тоқтады деген сөз», – деді ҚР-ның Халық әртісі сұхбатында.