$ 494.87  520.65  4.91

Ауылда аунап-қунап, шетелде ширады

М.Әуезов театрының артистері жазғы еңбек демалысынан оралды.

Бәрі де ел алдында жүрген азаматтар, «қайда, қалай демалып қайтты екен?» деп, елеңдесіп қаламыз. Көптен күткен демалыстың қас пен көздің арасында, әне-міне дегенше өтіп кеткенін олардың айтып тауыса алмайтын әңгімесінен-ақ аңғаруға болады. Өнер адамын тұлпарға теңеп жатады, ал тұлпарды кермеде көп ұстауға болмайды. Қолтығы сөгіліп, бауырын жаза бір шауып келуіне мүмкіндік берілу керек, ол мүмкіндік – жазғы демалыс. Өйткені адам темір емес, жұлқынып жұмыс істей бергеннен де шаршайды. Демалыс деген жақсы ғой, бағы жану үшін баппен жүретін актерлердің ашаң жүзі күнге тотығып, жылтырап, өңіне жылы өзгеріс енген. Жыл сайын шілденің шіліңгір ыстығына тура келетін демалыс тыныққандықтың табын салыпты. Аптап ыстықта қалаға сыймай, салқын жер, саумал ауа іздеп, сан тараптан оралағандары айқын аңғарылады. Бірі ауылға барғанын айтып, бірі Алакөл мен Бурабайға барғанын айтып, енді бірі қыз ұзатып, той жасағандарын жеткізіп, мәре-сәре қуанысып жатыр. Демалыстың бір пайдасы, адамның бойына жаңа күш-қуат құйып, жаңа идеялармен толықтырады. Тың идеялар жаңа шыңдарды бағындыруға септігін тигізеді. Ай бойы ауылда аунап-қунап, шетелде ширап, күш алып қайтқан артистер қауымы келді де, бірден «Қазақ хандығының 550 жылдығы» деп аталатын мемлекеттік мәні зор шараға байланысты қойылғалы жатқан «Қилы жол» атты театрландырылған қойылымның  дайындығына кірісіп кетті. Әрине, жұмыс арасында қайда, қалай дем алып қайтқанын сұрау – бізге парыз.

Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Шоғансайдың жанында шетел деген не?

Жыл сайын жазғы демалыс басталар-басталмастан «Қайда барамыз? Нарынқолдың Шоғансайына барамыз ба, әлде Іле Алатауының етегіндегі Асы жайлауына тартып кетсек пе екен, мүмкін Кегеннің Екіашасы жаққа бет бұрармыз?» деп бас қатыратын едік. Биыл да Шоғансай жайлауына баратын болып уәделесіп, «міне, жүреміз» деп отырғанда, аяқ асты бір ағайынымыз қайтыс болып, барудың сәті түспеді. Шіркін, Шоғансайдың жанында шетел деген не? Бірақ, «Аштан туған баланың екі көзі аста болады, тауда туған баланың екі көзі таста болады» дегендей, ақыры шыдай алмай, жұмысқа шығардан үш күн бұрын ғана Асы жайлауына бәрібір тартып кеттім. Баяғыда Екіашада демалып жатсам, Шығыс Қазақстан облысынан бір прокурор демалуға келіпті. Мені көріп: «Ойпыр-ай, демалыстың көкесін сен біледі екенсің ғой»,–дейді. Қазір кез келген курорт пен санаторийдің өзі кабинет болып кетті. Қолда телефон тұрғанда, жердің жарығына түсіп кетсең де, тауып алады. Митың тіршіліктің әңгімесін мыжып тағы айтасың. Миың сергімейді. Ал, жайлау дегенің керемет! Тоқпақтай телефонның орнында қолыңда тілімдей болса да кітап, одан қалса, домбыра, сылпылдаған шайдың орнында сапырылған сары қымыз, айналаңда сапырылысқан адам емес, самсаған самырсын мен қарағай, құлағыңды жеген теледидар жоқ, сайраған құстың үні. Тып-тыныш. Табиғат ананың тамаша туындысына тамсан да, жата бер! Бұдан артық қандай жұмақты аңсауға болады?!

Жұмағали Маханов, актер:

Алакөлді көріп, Америка ашқандай болдым

Мен биыл Алакөлде болдым. Венгрияның Болотонына да шомылдық, Ыстықкөлге жыл да түсеміз, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі басқа көлдерді де көрдік, бірақ Алакөлдей ғажайып көлді алғаш көруім.

Бүкіл отбасыммен, ұлым, қызым, келін, немерелеріммен тұтас барып, шипасы зор Алакөлдің суына шомылдық, тамаша демалыс болды. Балаларыммен бірге доп тептік. Волейбол ойнадық. Таңғы сағат 4-тің шамасында көлден бөлініп шығатын ағзаға пайдалы ауасымен демалып, ширағанымызды сезіндік. Жағасында жатып, қазақ жерінің жақұтын көргенімізге шүкіршілік айттық.

Асылбек Боранбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Шетелге жылына екі рет барамыз

Жылына екі рет шетелге барып демалып қайту отбасылық үрдіс болып кеткен. Балаларым да соған үйреніп қалған. Балаларым үшін жақсы демалыс ұйымдастырғанды өз көңілім де қалап тұрады. Шамам келгенше, соларға қуаныш, шаттық сыйласам деймін. Биылғы демалысымды да он күн отбасыммен Түркияның Анталия қаласында өткіздім. Жыл бойы жасаған жұмыстың шаршауын басып, сергіп, көңіліміз көтеріліп қайтты. Ауыл жаққа да барып тұрамыз. Әке-шешем мен бауырларым әлі де сонда. Әкесінің туған жерін, өскен ортасын көрсін, кішкентайынан туыс-туғанмен араласып үйренсін, ағайынның балаларымен жақын болып өссін деген ниетпен балаларымды да бірге ала барамын. Бала өз тамырынан ешқашан ажырамауы керек деп ойлаймын.

Жалғас Толғанбай, актер:

Ағайынның ақ пейіліне шомылдым

«Таңғы нәсіп – тәңірден» деген, осы жасыма дейін ешқашан ертеңгі күнімді алдын-ала жоспарлаған емеспін. Сол себепті жазғы демалысты қалай өткізетінім соңғы күнге дейін белгісіз болады. Соған қарамастан, биылғы жазғы демалысым өте керемет өтті. Отыз күн ораза ұстадым. Шілденің шыжғырған күнінде шығармашылық жұмыс қайнап жатты. 16 сериялы «Біздің ағай» атты телесериалға түстім. Сериал қалада емес, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу деген ауылда түсірілді. Табиғаты тамаша, халқы меймандос, пейілі тасыған қазақы ауыл екен. Бізді құшақ жая қарсы алды. Күнде ет, күнде қымыз, бізге деген құрметі ас татөк болды. Фильмде төрт қызы бар, ортаншы ұлдың ролін ойнадым. Төрт қыздың әкесі болу қызық болады екен, құлшынып ойнадым. Түсірілімнен кейін өзімнің туған ауылыма жол тарттым. Ағайын-туғаныммен қауышып, әр күнім шаттыққа толы болып, ақжарқын мінезі мен ақ пейіліне шомылып жүрдім. Әттең, демалыс тез-ақ бітіп кетті. Басқа да демалыс орындарына баруды жоспарлап едік, амал нешік, жұмысқа шығып кеттік. Бұйыртса, қысқа мерзімдік қыстағы мерекелік демалыстарда демала жатармыз.

Елжан Тұрыс, актер:

Атқа мініп, асау үйреттім

Мен жазғы еңбек демалысымды ауылға бару үшін күтемін. Ауылда қарашаңырақ бар. Мен апамның қолында өстім. Ол үйде қазір әке-шешем тұрады. Інім бар. Олар да тұңғыш немерелерін иіскеп, мәре-сәре болып қалды. Ата-анаммен, ініммен бірге тауға шығып, жайлауға бергісіз көздің жауын алар гүлдері тұнған көкорай белінде шынтақтай жатып, қымыз ішіп, аң аулап, тамаша демалдым. Атқа міндік, асау үйреттік. Он күндей аунап-қунап жатқан соң, қалаға келіп, қалған тіршілігімізбен айналыстық. Қалған уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты, міне, театрымызға келіп, қайнаған тіршілігіне күмп етіп қайта түстік.

Мерей  Мұхтарұлы, актер:

Көксу – көрікті мекен

Демалысымды туған жерімде, ата-анам мен бауырларымның ортасында өткіздім. Талдықорған іргесіндегі Көксу деген қалаға әр демалысым сайын асыға аттанамын. Көксу – керемет көрікті мекен. Ата-анаммен жылына екі-үш мәрте ғана қауышамын, сондықтан бір айды сол кісілерге арнап, жанында болып қуантсам, еш артық емес деп ойлаймын. Кластастарыммен кездестім, Талдықорғандағы Қ.Байсейітов атындағы музыка колледжінде бірге оқыған курстастарыммен жолығысып, Көксуға шомылып, өзімізше бір жасап қалдық.

Жандарбек Садырбаев, актер:

Жұмыс істеп, демалдым

 Жазғы демалысымда ешқайда бара алмадым. Алматыда, үйде болдым. Себебі біріншідін, түсірілімге қатыстым. Екіншіден, кішігірім отбасылық бизнес ашып едік, соның шаруасымен шапқыладым. Киноға түсу үшін алдын-ала келісім шарт жасалып қойылатындықтан,  олай-былай мойын бұрып  шығу қиындау болатындықтан, демалысымды арнайы жоспарлай алмадым. Әзірге, жұмыс істеп, демала тұрамыз.

Дайындаған А. Халықова

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары