Жұлдыз Әдікәрімова 2 аптадан бері «Qazaqstan» телеарнасындағы «Шаңырақ» бағдарламасын жүргізіп жүр. Оның бұл әрекетін құптағандардан қарағанда «журналистердің нанына енді әншілер ғана емес, олардың әйелдері де ортақтасатын болды» деп сынағандар көп. Тіпті кейбірі «пара беріп кірген» деген де пікір айтқан. Қайрат Нұртас телеарнаға ақша ұсынбақ түгілі келіншегін жұмысқа жібергісі келмегенін айтып сұхбат берді.
Әбдікәрімоваға тележүргізушілікке ұсыныс «Qazaqstan» телеарнасының басшылығынан түсіпті.
«Негізі мен жұмысқа жібергім келмеген. Қанша берсеңдер де бармайды дегенбіз. Жай көрсін дедік. Шақырған соң, ұсыныс тастағаннан кейін барды. Пара беру дегеннен Құдай сақтасын. Ұнамай жатса, ол жұмыстан шығарып алуым да мүмкін», – деді әнші «Алматы» телеарнасынан шығатын «Әңгіме болсын» бағдарламасында.
Айта кетейік, Нұртас Айдарбеков те бұған дейін келінін сынағандарға қатты сөз айтып, жұрттың аузына қақпақ болуға тырысқан.