$ 494.87  520.65  4.91

Қарағанды облысында жас өнерпаздардың дәстүрлі байқауы өтті

Жезқазған қаласындағы өнер мектебінің «Балдәурен» скрипкашылар ансамблі облыстық конкурстан І орынды қанжығалап қайтты.

22-23 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында өнер және музыка мектептері арасында 51-рет кәсіби конкурс өтті. Мысты қаланың намысын ту еткен скрипкашылар аталмыш бәйгеде «Кариб теңізінің қарақшылары», Моцарттың «Менуэт», Дженкинсонның «Танец» және отандық жас сазгер С.Әбдінұровтың «Ән» туындыларын орындаған.

Жетпіс қатысушының ішінен алға суырылып шыққан жезқазғандық жас өнерпаздардың саны – 13. 7-16 жас аралығындағы музыканттардан құралған ансамбльдің бұл алғашқы жеңісі емес. Дәл осы байқауды төртінші мәрте жеңіп алған скрипкашылар мамыр айында Бурабай тауларының баурайында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде өткен Халықаралық өнер ассамблеясында да жүлделі І орынды жеңіп алды.

Ансамбль жетекшісі Татьяна Кузнецованың есімі жезқазғандықтарға жақсы таныс. Талай скрипкашыларды баулып шығарған ұстаздың еңбек өтілімі қырық жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында біршама дарын иелерін түлеткен музыканттың саңлақтары есімі республика, тіпті, шетел асып үлгерген.

«Балдәурен» ансамблі қалалық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, сәнін келтіріп жүрген өнерлі ұжым. Олардың репертуары Құрманғазы бабамыздың күйлерінен бастап, Моцарттың шығармаларына дейін сан түрлі.

Ұжым жетекшісі Татьяна Михайловнаның айтуынша, скрипка тілін жетік меңгерген балалардың барлығы талантты әрі дарынды. Олардың біреуін бөліп-жарып айта алмайсың. Дарындардың облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға шығуына бірден бір себепкер - өнер мектебінің директоры Жомарт Куриков. Ол өзі жас музыканттармен бірге іс-сапарларға барып, қолдау көрсетеді. Жарысқа қатысушылардың киім үлгісінің ерекше болуын өз қадағалауында ұстайтын мектеп басшысы әр жарыста киім үлгісінің түрлі дизайнын ойластыруды жөн санайды. Концертмейстер Инна Шутьтің бұл жеңісте өз үлесі бар. Оның біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде осындай марапаттардың куәсі болудамыз.

Алда скрипкашыларды республикалық деңгейдегі жарыстар күтуде. Олар дайындыққа кірісіп те кетіпті. Ендеше, «балдәурендіктерге» жарайсын дей отыра, алдағы уақытта сәттілік серік болсын деп тілейміз!

Арайлым КҮНТУҒАНҚЫЗЫ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары